RU

Этникалық қазақ Путиннің кеңесшісі атанды

Владимир Васильев
Владимир Васильев. Фото: Владимир Смирнов/ТАСС

Этникалық қазақ болып келетін Дағыстанның бұрынғы басшысы Владимир Васильев Ресей президентінің кеңесшісі атанды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ порталы Кремль сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Кремль сайты 5 қазан күні Владимир Васильевтің кеңесші ретінде тағайындалғаны туралы ақпаратты жария етті.

"Васильев Владимир Әбдуәлиевич Ресей Федерациясы президентінің кеңесшісі болып тағайындалсын", - делінген Ресей басшысы Владимир Путин қол қойған жарлықта.

Аталмыш жарлық қол қойылған күнінен бастап, яғни 5 қазаннан бастап өз күшіне енді.

Айта кетсек, datnews.info басылымының мәліметіне сәйкес, Владимир Әбдуәлиевичке өмірге келген кезінде Әлік Әбдіуәлиұлы Асанбаев есімі берілген.

Анасы - орыс, ал әкесі - қазақ болғандықтан, Владимир этникалық қазақ саналады. Владимир БАҚ-қа берге сұхбаттарының бірінде әкесінің Қазақстанда мектеп директоры болып қызмет еткенін айтқан.

Анасы мен әкесі тәжірибе кезінде танысқан. Ортақ үш баласы дүниеге келгеннен кейін айырылысып кеткен. Кейін анасы Ресейге қайтып оралған.

Ал әкесі Қазақстанда қалуды ұйғарған. Десе де балаларына қамқор болуды ұмытпаған әке, олармен байланысын үзбеген екен. Өкінішке қарай, Владимир әкесінен ерте айырылған.

Владимир екінші сыныпта оқып жүргенде оның әкесі қайтыс болыпты. Владимирдің Қазақстанда туысқандары көп болғанымен, ол туыстарымен байланысы үзілгенін айтады.

11 тамыз күні 1949 жылы дүниеге келген Владимир Васильев - Ресейдің мемлекет қайраткері, 2018 жылдан бастап Дағыстан Республикасының басшысы болған.

Еске салсақ, бұған дейін Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара қашан ашылатынын айтқан болатын.

Одан бөлек, Ресей коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны әлемде алғашқы болып тіркеген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1877961-etnikalyk-kazak-putinni-keessisi-atandy.html