RU

Бішкекте Ақ үйден шыққан өрт сөндірілді

Фото
Фото: Короче Telegram арнасы

Қырғызстанда Ақ үйден шыққан өрт жергілікті уақыт бойынша сағат 7:49-да сөндірілді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Kabar агенттігіне сілтеме жасап.

Қырғызстанның төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, оқиға орнында өртке қарсы 7 топ жұмыс істеген.

Еске сала кетейік, 4 қазанда Қырғызстанда парламент сайлауы өтіп, оған 16 партия қатысқан болатын.

Азаттық мәліметінше, нәтижесінде парламентке өту үшін қажетті дауыс мөлшерін төрт партия ғана жинай алған. Олар "Биримдик", "Мекеним Кыргызстан", "Кыргызстан" және "Бутун Кыргызстан" партиясы.

Жаңа құрылған билік партиясы – "Биримдик" 24,5 пайыз дауыс алса, "Мекеним Кыргызстан" - 23,88, "Кыргызстан" 8,76 пайыз дауыс жинаған.

Оппозициядан жалғыз "Бүтүн Кыргызстан" партиясы ғана 7,13 пайыз дауыспен межеден өте алған. Додаға түскен қалған 12 партия парламентке өтпей қалған.

Алайда сайлау нәтижесіне көңілі толмаған қырғызстандықтар 5 қазанда наразылық шеруіне шыққан. Оған он мыңдаған адам қатысқан.

Соңғы мәліметтер бойынша шерушілердің полициямен қақтығысынан 120-дан аса адам зардап шеккен.

Одан бөлек, парламент сайлауының нәтижесімен келіспеген наразы жұрт Бішкектегі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимаратына кіріп, елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты тергеу изоляторындағы қамаудан шығарып алған.

Бұған қол жеткізу Мемлекеттік Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығымен келіссөз жүргізгеннен кейін мүмкін болыпты.

Экс-президентті МҰҚК ғимаратынан алып шыққаннан кейін, наразы халық оны қоршап алып "Атамбаев" деп айқайлай бастағаны белгілі болды.

Кейіннен наразы топ басып алған Бішкектегі Ақ үйдің отқа оранғаны белгілі болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1877967-biskekte-ak-jden-sykkan-rt-sndirildi.html