RU

Бішкектегі наразылық: Алаңға шыққан митингке қатысушылардың бірі қаза тапты (видео)

Митинг
Митинг. Фото: Sputnik Қырғызстан

Бішкекте Ала-Тоо алаңына шыққан митингке қатысушылардың бірі көз жұмды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ порталы 24.kg сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Ала-Тоо алаңына шыққандардың бірі қайтыс болғанын елдің денсаулық сақтау министрлігі хабарлаған. Айтуларынша, азиат болып келетін ер адамды Ұлттық емханаға алып келген. Ол ауыр дене жарақатынан көз жұмған.

6 қазандағы таңғы сегіздегі жағдайға сәйкес, алаңнан түрлі дене жарақаттарымен барлығы 590 зардап шегуші жедел жәрдеммен емханаға жеткізілген.

439 зардап шегуші алғашқы медициналық көмектен кейін абмлуаторлық емге жіберілген. Тағы 150 адам түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жатқызылған.

Бішкек ғылыми-зерттеу орталығы ортопедия және травматология орталығына барлығы 288 зардап шегуші жеткізілген, олардың 69-ы емханаға жатқызылған. Бесеуі жансақтау бөлімінде.

Ұлттық госпитальге барлығы 164 зардап шегуші жеткізілсе, олардың 58-і ауруханаға жатқызылған. Алты адам жансақтау бөлімінде. Бір зардап шегуші қаза тапқан.

№1 мемлекеттік клиникалық емханаға 30 зардап шегуші жеткізілген, 23-і - амбулаторлық емге жіберілген. Жетеуі емханаға жатқызылған, біреуі - жансақтау бөлімінде.

Шу облыстық емханасына 93 зардап шегуші жеткізіліп, 90-ы амбулаторлық емге жіберілген. Үшеуі емханаға жатқызылып, біреуі жансақтау бөліміне жіберілген.

Ұлттық хирургиялық орталыққа 15 зардап шегуші жеткізіліп, екеуі абулаторлық емге жіберілсе, 13-і емханаға жатқызылған.

Еске салсақ, бұған дейін Бішкектегі Ақ үй наразылар баса көктеп кіргеннен кейін отқа оранғанын жазған едік.

Кейін Ақ үйден шыққан өрт жергілікті уақыт бойынша сағат 7:49-да сөндірілгені белгілі болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1877972-biskektegi-narazylyk-alaga-sykkan-mitingke-katysusylardy-biri-kaza-tapty-video.html