RU

Нұр-Сұлтан мен Алматыға ұшып келген 400 жолаушы карантинге алынды

Ұшақ1
Көрнекі фото: NUR.KZ

Бүгін, 6 қазан күні елордалық әуежайға төрт ұшақ келіп қонды. 170 жолаушының ПТР тесті жоқ, кейбірінің мерзімі өтіп кеткен. Олардың барлығы стационарларға жіберілді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Көліктегі бас мемлекеттік санитар дәрігер Сәдуақас Байғабыловтың ақпарынша, бүгін, 6 қазан күні Нұр-Сұлтандағы әуежайға төрт ұшақ келіп қонған. Рейстерді Turkish Airlines, Air Astana және Flydubai әуе компаниялары орындаған. Жалпы жолаушылар саны 478, одан бөлек 28 экипаж мүшесі бар.

Олардың ішінде COVID-19 инфекциясына анықтамасы жоқ 170 адам ПТР анализ тапсыру үшін екі тәулікке стационарға жатқызылған.

Ал оңтүстік астананың әуежайы Түркиядан, Оңтүстік Корея мен Беларусьтен 8 әуе рейсін қабылдаған. Көліктегі бас санитар дәрігердің айтуынша, Алматыға 797 жолаушы келген, ішінде 230 адамда COVID-19 инфекциясына ПТР анықтама болмаған. Олар ПТР анализ тапсыру үшін екі тәулікке карантин стационарына жіберілген.

"Елге келіп жеткен шетелдік азаматтардың COVID-19 инфекциясына анықтамасы болды, ешкім депортацияланған жоқ", - дейді Байғабылов.

Айта кетейік, осыған дейін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирус инфекциясының елге сырттан кіруіне жол бермеу үшін өзге елдермен әуе байланысын жандандыруды тоқтатуды, сондай-ақ, Түркияға рейстер санын қысқартуды ұсынған болатын.

Қазақстаннан Түркияға әуе рейстері 27 тамыздан бастап қайта жанданған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1877995-nr-sltan-men-almatyga-syp-kelgen-400-zolausy-karantinge-alyndy.html