RU

Қырғызстандағы наразылық: Жээнбеков халыққа үндеу жасады (видео)

Жээнбеков бейнеүндеу
Кадр видеодан алынды: Қырғызстан президентінің Youtube арнасы

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков жекелеген саяси күштердің мемлекеттік билікті заңсыз жолмен басып алуға тырысқанын мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Sputnik Қырғызстанға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының баспасөз қызметі оның бейнеүндеуін Youtube желісінде жариялады.

Президенттің айтуынша, сайлауды сылтауратқан саяси күштер Бішкек тұрғындарының тыныштығы мен қоғамдық тіртіпті өрескел бұзған. Ол ереуілге шыққандардың құқық қорғау органдарына бағынбай, медицина қызметкерлерін ұрып, ғимараттарды қиратқанын алға тартты.

"Қантөгіс болмауы үшін күштік құрылымдарға оқ атпауды бұйырдым. Қазіргі уақытқа дейін жағдайдың ушығып кетпеуі үшін барлық шараларды қабылдадық. Елдің бейбітшілігі мен қоғамның тұрақтылығы – депутаттық мандаттан жоғары", – деп мәлімдеді Жээнбеков.

Ол орталық сайлау комиссиясына сайдаудағы бұзушылықтар бойынша зерттеу жасап, қажет болған жағдайда нәтижелердің күшін жоюды ұсынғанын мәлім етті.

Сондай-ақ мемлекет басшысы саяси партияларға жүгініп, жақтастарын сабырға шақыруды, оларды таратуды сұрады.

"Отандастарымды сабыр сақтап, арандатушылыққа берілмеуге шақырамын", – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін президент Сооронбай Жээнбековтің жақтастары Қырғызстанның Ош қаласындағы орталық алаңға жиналғанын хабарлағанбыз.

Мемлекет басшысының інісі, Жогорку Кенеш депутаты Асылбек Жээнбеков жиналғандардың алдында сөз сөйлеп, халықты бірлікке шақырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878006-kyrgyzstan-prezidenti-halykka-ndeu-zasady-video.html