RU

Қамаудан босап шыққан Атамбаев жақтастарының алдында мәлімдеме жасамақ

Атамбаев мәлімдеме
Фото: Sputnik / Табылды Кадырбеков

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев жақтастарымен кездесуді жоспарлап отыр деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Sputnik Қырғызстанға сілтеме жасап.

Бұл туралы "Социал-демократтар" саяси партиясы сайлауалды штабының баспасөз хатшысы Шаиста Шатманова мәлім етті.

Кездесу "Форум" ғимаратында жергілікті уақытпен сағат 14:00-де өткізілмек.

Сондай-ақ жиында қамаудан босатылған бұрынғы премьер-министр Сапар Искаков та сөз сөйлейді деп жоспарланған.

Еске сала кетейік, Қырғызстанда парламент сайлауының нәтижесімен келіспеген наразы жұрттың Бішкектегі мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимаратына кіріп, елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты тергеу изоляторындағы қамаудан босатып алғанын хабарлағанбыз.

Бұған қол жеткізу мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығымен келіссөз жүргізгеннен кейін мүмкін болған.

Кейіннен Қырғызстанның социал-демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Кундуз Жолдубаева желіде қамаудан босап шыққан экс-президент Алмазбек Атамбаевтың суретін жариялады.

Сондай-ақ бұған дейін Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков халыққа бейнеүндеу жасап, жекелеген саяси күштердің мемлекеттік билікті заңсыз жолмен басып алуға тырысқанын мәлімдеді.

Президенттің айтуынша, сайлауды сылтауратқан саяси күштер Бішкек тұрғындарының тыныштығы мен қоғамдық тіртіпті өрескел бұзған. Ол ереуілге шыққандардың құқық қорғау органдарына бағынбай, медицина қызметкерлерін ұрып, ғимараттарды қиратқанын алға тартты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878018-kamaudan-bosap-sykkan-atambaev-zaktastaryny-aldynda-mlimdeme-zasamak.html