RU

Тоқаевтың баспасөз хатшысы Қырғызстандағы жағдайға қатысты пікір білдірді

Берік Уәли пікір білдірді
Фото: gorodtaraz.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли көршілес Қырғызстанда болып жатқан наразылықтарға қатысты пікір білдірді деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Ол Қырғызстандағы ахуалға қатысты Қазақстан ұстанымы туралы өз Facebook парақшасында жазды.

"Қырғызстанда болып жатқан оқиғалар – сол елдің ішкі мәселесі. Қазақстанда бауырлас Қырғызстанмен өзара дәстүрлі достық қатынастарды және стратегиялық серіктестікті нығайту аса маңызды деп санайды.

Сонымен қатар көршілес елдегі ахуалды тұрақтандыру ісі Қырғызстанның Конституциясы мен заңдарына сәйкес жүзеге асырылады деп үміттенеді.

Қырғыз халқы өз мемлекетінің ұзақ мерзімді мүддесі үшін күрделі жағдайдан шығудың тиімді жолын табады деп пайымдайды", - дейді Берік Уәли.

Еске сала кетейік, Қырғызстанда парламент сайлауының нәтижесімен келіспеген наразы жұрттың Бішкектегі мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимаратына кіріп, елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты тергеу изоляторынан босатып алғанын хабарлағанбыз.

Бұған қол жеткізу мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығымен келіссөз жүргізгеннен кейін мүмкін болған.

Кейіннен Қырғызстанның социал-демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Кундуз Жолдубаева желіде қамаудан босап шыққан экс-президент Алмазбек Атамбаевтың суретін жариялады.

Ал бұған дейін Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков халыққа бейнеүндеу жасап, жекелеген саяси күштердің мемлекеттік билікті заңсыз жолмен басып алуға тырысқанын мәлімдеді.

Президенттің айтуынша, сайлауды сылтауратқан саяси күштер Бішкек тұрғындарының тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған. Ол ереуілге шыққандардың құқық қорғау органдарына бағынбай, медицина қызметкерлерін ұрып, ғимараттарды қиратқанын алға тартты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878022-tokaevty-baspasz-hatsysy-kyrgyzstandagy-zagdajga-katysty-pikir-bildirdi.html