RU

Қырғызстанда банктер жабылды

Фото
Фото: Кабар

Қырғызстан Республикасының Ұлттық банкі елдегі қаржы-банк секторының қауіпсіздігі мен қаржы-несие ұйымдары активтерінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында коммерциялық банктер және банктік емес қаржы-несие ұйымдарына 6 қазан күні қызметін тоқтатып, қауіпсіздік шараларын күшейтуді ұсынып отыр. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ порталы КАБАР агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, қаржы қызметін ұсынуға байланысты мәселелер туындаған жағдайда Ұлттық банк қаржы ұйымдарына онлайн арқылы (телефон, электрондық пошта, әлеуметтік желілер және мессенджерлер және т.б.) жүгіну қажеттігін айтып отыр.

"Жұмыс уақыты, қызмет түрлері туралы ақпарат қаржы ұйымдарының интернет сайттарында қолжетімді болады. Ұлттық банк жағдайды қадағалап отыр және қажеттілік туындаған жағдайда елдегі қаржы және банк жүйесінің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдайды", - делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, Қырғызстанда парламент сайлауының нәтижесімен келіспеген наразы жұрттың Бішкектегі мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимаратына кіріп, елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты тергеу изоляторынан босатып алғанын хабарлағанбыз.

Бұған қол жеткізу мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығымен келіссөз жүргізгеннен кейін мүмкін болған.

Кейіннен Қырғызстанның социал-демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Кундуз Жолдубаева желіде қамаудан босап шыққан экс-президент Алмазбек Атамбаевтың суретін жариялады.

Ал бұған дейін Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков халыққа бейнеүндеу жасап, жекелеген саяси күштердің мемлекеттік билікті заңсыз жолмен басып алуға тырысқанын мәлімдеді.

Президенттің айтуынша, сайлауды сылтауратқан саяси күштер Бішкек тұрғындарының тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған. Ол ереуілге шыққандардың құқық қорғау органдарына бағынбай, медицина қызметкерлерін ұрып, ғимараттарды қиратқанын алға тартты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878028-kyrgyzstanda-bankter-zabyldy.html