RU

Қазақстандық сарапшылар қырғыз еліндегі күрделі жағдай туралы қандай пікірде

Қырғызстандағы митинг
Фото: politring.com

Қырғызстанда парламент сайлауының қорытындысына келіспеген халық жаппай наразылыққа шықты. Көпшіліктің жаппай наразылыққа шығуына қандай жағдайлар себеп болды? Толқыған халық қайткенде тынышталуы мүмкін? Осыған қатысты қазақстандық сарапшылар KAZ.NUR.KZ тілшісіне пікір білдірді.

Айдос Сарым, саясаттанушы:

"Пандемияның кезі, коронавирустың өршуі әлемнің көптеген елдерінде үлкен наразылық көңіл-күйге себеп болып отыр. Екіншіден бүкіл әлемде элитаға қарсы көзқарастар мен жаңа, тың өзгерістерге деген орасан зор сұраныс тудырды. Бұл сұранысқа жауап берудің өзі оңай емес екені анық.

Қырғызстанда қалыптасқан жағдайға бұл екеуінің де қатысы бар екені сөзсіз. Сыртта жұмыс істейтін біраз азаматтары да елге оралып, үйреншікті табыс көзінен айрылып қалды. Оның үстіне жығылғанға жұдырық болған басқа да себеп жетіп жатыр: бұған дейінгі жіберілген кемшіліктер, саясатындағы, экономикасындағы элита аралық түсініспеушілік, бір элитаның екінші элитаны қудалауы, айналып келгенде бүгінгі Қырғызстандағы саяси партиялардың идеялық принциппен емес, негізінен туыстық, бизнестік принциппен құрылуы. Үлкен саяси идеялар мен күштердің жоқтығы. Елде рулар, қаржылық топтар жеке-жеке мүддені көздеген партия болып құрылған. Қырғызстанда ең қауіптісі осы.

Мысалы әрбір топ өзінің жетекшісін түрмеге отырғызатын болса, оны қайта шығарып алып, басқасын отырғызу - мәңгі бақи «Тақтар таласы» сериалындағыдай жағдайға алып бара жатыр. Қырғызстанда, ең алдымен, заң үстемдігі қажет. Елестетіп қараңызшы: крминалдық топ та бар, қаржылық топ та бар, әрқайсысы өзінің руының адамын шығару үшін революция жасай берсе мемлекеттіген не қалады?!

Қырғызстандағы билік мәселесі өз алдына үлкен мәселеге айналып кетті. Қанша дегенмен Қырғызстандағы құқықтық органдардың, жалпы атқарушы биліктің ешқандай қадірінің қалмауы, жұрт алдындағы беделінің түсуі осындай қиянаттарға қайта-қайта апаруы мүмкін.

Әрине әр биліктің өзінің кемшілігі мен артықшылығы бар дейік, бірақ Сооранбай Жээнбековті өздері сайлап алған, өздері қорғаған. Бірақ ішкі ымыраның жоқтығы елдің мүмкіндігін шектеп отыр. Елдің болшағына үлкен қауіп төндіріп отыр. Бүгін тас атысса ертең бара-бара өзара оқ атып соғыспасқа кім кепіл? Ондай да қауіп бар.

Қырғызстанда достарым, таныстарым болғандықтан соңғы оқиғаларға қарап өз басым еш қуанатын себеп көріп отырған жоқпын. Алайқайлап бөрік ататын жағдай емес. Ойланатын, ойлантатын жағдай. Оларда соңғы кездегі мәселе - «елдің болашағы не болмақ?» деген сұрақ. Ең қауіптісі, осылай жалғаса беретін болса, бір-бірімен қару алып соғысатындай жағдайға жетуі мүмкін. Ымыра кеткен сайын қоғам архаикаға түсе бастайды. Бұл бәріне сабақ болсын деп тілеймін

Расул Жұмалы, саясаттанушы:

"Қырғызстанда қазір, өкінішке қарай, революциялық жағдай орнаған. Бұл жерде бір ортақ мүддеге, ортақ мақсатқа жұмылған халық бар деп айта алмаймын. Жік-жікке бөлінген, әрбір топтың өз көшбасшысы бар. Қырғызстанда бұған дейін болған осындай революциялық жағдайларды көрдік. Бұл бес-алты жылда бір рет төңкеріс ұйымдастыратын дәстүрге айналып кеткендей болып отыр. Бірақ төңкерістерден кейін жағдайдың түзелуі, алға басуы, елдің қажеттіліктерінің өтелуін көрмейміз.

Иә, қайта бір ұрлықшы президенттің орнына екінші ұрлықшы президент келеді. Кезінде Ақаевтың орнына Бакиев келгені сияқты. Нәтижесінде Қырғызстанның тарихында бұған дейін болған төрт президенттің екеуі сыртта қашып жүр. Біреуі кешеге дейін түрмеде отырды. Сондықтан Қырғызстандағы жағдайды демократияның көрінісі деп атау қиын. Демократия бұл төңкеріс жасау, билікті аударып тастау ғана емес. Ол - жауапкершілік, бүкіл қоғамның, ұлттың ұйысып келіп ортақ ойын ережелеріне бағынуы.

Қырғызстандағы жағдай бұл сипатқа келмейді, өкінішке қарай. Бұл демократиядан гөрі охлократияға келеді. Тобырдың билігі. Меніңше соған жақын. Тіпті кешегі жағдай парламент сайлауының нәтижесі тек қана сылтау ретінде болды. Шын мәнінде бұл елде көп жылдан бері шешілмей келген демократияның мәселелері, әлеуметтік-экономикалық жағдайы, әсіресе пандемия жағдайындағы жұмыссыздық, соның нәтижесінде ашу-ызаның көбейгендігі бүгінгі дүмпуге алып келді. Бұл жерде түрткі болған оппозицияның күштері деп те айту қиын.

Қырғызстанда 250-ге жуық саяси партия бар, оның 12-сі кешегі саяси додаға қатысып, 4-еуі сайлауда жеңіске жетті, қалғандарының өкілдер,і басшылары кешегі сайлау нәтижесін жоққа шығаруды талап етіп ортақ алаңға шықты. Бірақ олардың өздері тасада қалып қалды. Ортақ идея жоқ. Оңтүстігі мен солтүстігі бір-бірімен қырғи қабақ.

Кешегі жағдайда оппозицияның талабы сайлауды қайта өткізу ғана болатын, бірақ көшеге шыққан наразы топ, жастар оппозицияның айтқанына бағынбай,өз ойларына келгенді істеп, елдің астаң-кестеңін шығарды. Бұны оппозицияның жасағаны деп айта алмаймын. Себебі 2010 жылы да, 2005 жылы да осылай болды. Тобыр шықты, оппозиция оларды айтқанына көндіре алмай сол тобырдың жетегінде кетті, нәтижесінде революция орын алды. Мен Қырғызстандағы жағдайды анархия (биліктің жоқтығы) немесе (тобырдың билігі) деп санаймын".

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878039-kazakstandyk-sarapsylar-kyrgyzstandagy-narazylyk-turaly-kandaj-pikirde.html