RU

Қостанай облысында санитарлық бекет қойылды

Фото
Фото: Instagram/dkkbtu

Бүгін Қостанай облысының Жітіқара ауданындағы "Желқуар" шекаралық комендатурасында санитарлық бекет қойылды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, шекарадан өткендердің дене температурасы өлшеніп, сауалнама алынады.

Сонымен қатар, бүгін Жітіқарада 40 орындық карантиндік стационар қайта ашылды. Короновирус індетіне қарсы күрес жөніндегі аудандық жедел штаб эпидемиялық ахуалды сараптай келе осындай шешім шығарған.

Айта кетейік, елімізде өткен тәулікте коронавирус жұқтырған тағы 60 адам тіркелген. Осылайша, қазіргі уақытта Қазақстанда COVID-19 инфекциясы анықталғандар саны 108 296-ға жетіп отыр.

Сонымен бірге өткен тәулікте 90 адам коронавирус індетінен емделіп шыққан. Ал Қазақстан бойынша жазылғандардың жалпы саны - 103367.

Еске сала кетсек, осыған дейін еліміздің Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің Қазақстан Республикасы мемлекеттік шекарасындағы өткізу пункттерінде коронавирус инфекциясы таралуын алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі күшейту туралы қаулысы шықты.

Қаулыға сәйкес, бүгіннен бастап жолаушылар тасымалындағы тәртіптер өзгеріп, карантиндік талаптар күшейтілмек.

Сондай-ақ, әлеуметтік желілер арқылы жалған ақпараттар да таралып жатыр. Мәселен, желідегі аудиохабарламада Нұр-Сұлтан қаласы 15 қазаннан бастап карантинге жабылатыны және қала маңына блок-бекеттер қойылатыны айтылған.

Кейінірек, ДСМ ТКҚСҚБК WhatsApp қолданушылары арасында кеңінен тараған аудиожазба жалған екенін айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878056-kostanaj-oblysynda-sanitarlyk-beket-kojyldy.html