RU

Фарид Ниязов пен Атамбаевтың өзге де жақтастары қамаудан босатылды (фото)

Фарид Ниязов 135
Фото: facebook.com/shaista.shatmanova

Қой-Таштағы оқиғаларға қатысты іс бойынша қамауда болған Алмазбек Атамбаевтың кейбір жақтастары тергеу изоляторынан босатылды. Бұл туралы қорғаушы Замир Жоошев мәлім етті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Sputnik Қырғызстанға сілтеме жасап.

Қорғаушының айтуынша, Бішкектегі Первомай аудандық соты оларды үйқамаққа жіберген. Алайда, соттың баспасөз қызметі бұл ақпаратты растамай отыр.

"Первомай аудандық сотының қаулысы негізінде бұлтартпау шарасы өзгертілді. Үйқамаққа жіберілгендер арасында Канат Сагымбаев, Равшан Жээнбеков, Фарид Ниязов, Мээрбек Мискенбаев, Канат Осмоналиев, Рысбек Карыпбек уулу бар. Алдағы уақытта бұл іс бойынша сот процесі заң шеңберінде жүргізіледі деген үміттеміз", – деді Жоошев.

Атамбаевтың жақтастарының босатылуы туралы ақпарат анықталуда.

Дей тұрғанмен, Facebook желісінде қамаудан босатылғандардың суреттері пайда болды. Оларды "Социал-демократтар" партиясы сайлауалды штабының баспасөз хатшысы Шаиста Шатманова жариялады.

Еске сала кетейік, Қырғызстанда парламент сайлауының нәтижесімен келіспеген наразы жұрттың Бішкектегі мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимаратына кіріп, елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты тергеу изоляторындағы қамаудан босатып алғанын хабарлағанбыз.

Кейіннен Қырғызстанның социал-демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Кундуз Жолдубаева желіде қамаудан босап шыққан экс-президент Алмазбек Атамбаевтың суретін жариялады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878062-farid-niazov-pen-atambaevty-zge-de-zaktastary-kamaudan-bosatyldy-foto.html