RU

Бішкек мэрі өз еркімен отставкаға өтініш жазып кетті

Азиз Суракматов отставкаға кетті
Фото: meria.kg

Бішкек қаласының мэрі Азиз Суракматов Қырғызстан астанасының басшысы қызметінен кетті. Ол 2018 жылдан бастап қала әкімшілігін басқарды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Бішкек муниципалитеті басшысының кеңесшісі Гуля Алмамбетова мэрдің мәлімдемесінің суретін өз Facebook парақшасында жариялады.

"Ресми түрде. Мэр Азиз Суракматов өз еркімен отставкаға кетті. Қызмет үшін рахмет, Азиз Эмильбекович", - деп жазды ол.

Енді қала басшысының отставкасын Бішкек қалалық кенеші қабылдауы тиіс. Суракматов 2018 жылдан бастап екі жыл елорда мэрі болды.

24.kg ақпарынша, таңертең митингіге шыққандар елордалық мэрия ғимаратын қоршап алған. Бұл жағдайға қатысты ешқандай ақпар жоқ, тек Суракматов журналистерге наразылық білдірушілер ғимаратқа кіргенін растады.

АКИpress басылымы митингіге шыққандар журналистерді ғимаратқа кіргізуден бас тартқанын хабарлады. Кейінірек БАҚ өкілдеріне өзін халық мэрі атаған Жоошбек Коеналиев шықты.

"Мені халық мэрі деп атайды. Кеше тәртіпсіздіктер кезінде мені шақырып, халық мені әкім деп жариялады", - деді Коеналиев.

Ол бұл қызметте ұзақ отырмайтынын, жақында халық елорданың жаңа басшысын таңдай алатынын айтты. Наразылыққа шыққандар бұл шешімді қолдады.

Еске сала кетейік, Қырғызстанда парламент сайлауының нәтижесімен келіспеген наразы жұрттың Бішкектегі мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимаратына кіріп, елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты тергеу изоляторындағы қамаудан босатып алғанын хабарлағанбыз.

Бұған қол жеткізу мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығымен келіссөз жүргізгеннен кейін мүмкін болған.

Кейіннен Қырғызстанның социал-демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Кундуз Жолдубаева желіде қамаудан босап шыққан экс-президент Алмазбек Атамбаевтың суретін жариялады.

Сондай-ақ, бұған дейін Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков халыққа бейнеүндеу жасап, жекелеген саяси күштердің мемлекеттік билікті заңсыз жолмен басып алуға тырысқанын мәлімдеді.

Президенттің айтуынша, сайлауды сылтауратқан саяси күштер Бішкек тұрғындарының тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған. Ол ереуілге шыққандардың құқық қорғау органдарына бағынбай, медицина қызметкерлерін ұрып, ғимараттарды қиратқанын алға тартты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878095-biskek-meri-z-erkimen-otstavkaga-tinis-zazyp-ketti.html