RU

Қырғызстандағы ереуіл: Зардап шеккендер саны көбейіп, бір адам қаза тапты

Митинг
Митинг. Фото: Sputnik Қырғызстан

Қырғызстанда күштік құрылымдар мен ереуілшілер арасындағы қақтығыстан кейін жарақаттанғандар сан 686-ға жетті. Бір адам қайтыс болған деп жазады KAZ.NUR.KZ РИА Новостиге сілтеме жасап.

Қырғызстанның денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратынша, 2020 жылдың 6 қазанында медициналық көмекке 686 зардап шегуші жүгінген.

Ведомствоның айтуынша, 686 адамның 521-і алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін амбулаторлық ем қабылдауға жіберілген.

Ал 164 науқас әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылған. Олардың жетеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Ал 19 жастағы жігіт қайтыс болған.

Еске салсақ, 4 қазанда сайлау қорытындысына наразылық білдірген адамдар Ала-Тоо алаңына шығып, митинг өткізген болатын.

Оған қоса, Қырғыз парламенті мен президент аппараты жайғасқан Бішкектегі Ақ үйдің төртінші қабаты өртке оранды. Өрт сөндіру қызметі оқиға орнына келіп жеткен.

Сондай-ақ, Қырғызстандағы наразы халық Бішкектегі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимаратына кіріп, елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты тергеу изоляторындағы қамаудан шығарып алды.

Ал бүгін Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков жекелеген саяси күштердің мемлекеттік билікті заңсыз жолмен басып алуға тырысқанын мәлімдеді.

Соңғы ақпараттарға сүйенсек, Қырғызстанның орталық сайлау комиссиясы Жогаргу Кенеш сайлау нәтижелерін жарамсыз деп таныған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878101-kyrgyzstandagy-ereuil-zardap-sekkender-sany-kbejip-bir-adam-kaza-tapty.html