RU

Қарағанды облысында суға батқан көліктен әйел мен қызды шығарып алды (видео)

Көлік батып кетті
Фото: Өңірлік ТЖД

Қарағанды облысында құтқарушылар мен сарбаздар көлікпен бірге суға батқан әйел мен жасөспірім қызды құтқарып қалды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ өңірдің Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.

Төтенше жағдай облыс орталығы мен Абай қаласы арасындағы автожолда болған. Суға батып кетуге шақ қалған автокөлік рөлінде 42 жастағы келіншек отырған. Оның қасында 16 жастағы қыз болған.

Бір уақытта автобикеш көлік құралының рөліне ие бола алмай қалған. Осылайша, көлік кюветке шығып, артынша жасанды су қоймасына құлап, суға бата бастаған. Оқиға орнына шақырылған Ұлттық ұлан сарбаздары мен құтқарушылар еш саспай, келіншек пен оның қасындағы қызды да, көлікті де судан шығарып алды.

Абырой болғанда, екеуіне де дәрігер көмегі қажет болған жоқ.

Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысында көлікпен бірге суға батып кеткен үш бала туралы оқиғаның мән-жайы белгілі болды.

Басылым таратқан ақпаратқа сәйкес, қаза тапқан балалар Достық ауылында тұрған. 9 және 7 жастағы екі ұл – ағайынды. Ал алты жастағы тағы бір бала басқа отбасының мүшесі. Екі ұлынан айырылған ата-ананың тағы бір кішкентайы бар. 

Туыстарының сөзінше, екі жанұя демалыс күні табиғат аясына шығып, балық ауламақ болыпты. Ал көлікті биіктеу жерге қойған. Алдымен жүгіріп ойнап жүрген балалар кейін көлікте отырып телефон көретіндерін жеткізген көрінеді.

"Автомат басқарудағы көлік тұрақта тұрған, бірақ техникадан ақау шығып, көлік өздігінен суға жүріп кетіпті. Бұл табан астында орын алған екен. Ата-аналар балаларын құтқаруға жүгіргенімен, көліктің есіктері бұғатталып қалды. Ал суда терезелерді сындыру мүмкін болмапты. Бұл үлкен қайғы. Балалардың ата-анасын кінәлауға болмайды. Осылай боларын ешкім білмеді. Оларға қазір оңай емес", - дейді туысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878115-karagandy-oblysynda-suga-batkan-klikten-jel-men-kyzdy-sygaryp-aldy-video.html