RU

Қырғызстанның Қаржы министрлігі барлық қаржылық операцияларды тоқтатты

Қырғызстанның Қаржы министрлігі барлық қаржылық операцияларды тоқтатты
Көрнекі фото: piqsels.com

Қырғызстанда Қаржы министрлігінің басшысы ауысты. Кыялбек Мұқашев Қаржы министрінің міндетін атқарушы болды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Жаңа қаржы министрі туралы 24.kg газетіне ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады. Қаржы министрлігінің орталық аппараты, сондай-ақ құрылымдық және ведомстволық бөлімшелер "халық өкілдерімен" шұғыл кеңес өткізгені хабарланды. Министрлік халықтың күшін толық мойындады және жоғары лауазымға Кыялбек Мұқашевты тағайындауды ұсынды, деп хабарлады баспасөз қызметі.

Мұқашев министрдің міндетін атқарушы болып тағайындалғаны атап өтілді. Бөлімнің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін халық комитеттері мен жасақтары құрылды, деп жазады газет.

"Қазір Қаржы министрлігі арқылы жүзеге асырылатын барлық қаржылық операциялар заңды органдардың қосымша хабарламасына дейін тоқтатылды", – деп хабарлады баспасөз қызметі.

Еске салсақ, 4 қазанда сайлау қорытындысына наразылық білдірген адамдар Ала-Тоо алаңына шығып, митинг өткізген болатын.

Оған қоса, Қырғыз парламенті мен президент аппараты жайғасқан Бішкектегі Ақ үйдің төртінші қабаты өртке оранды. Өрт сөндіру қызметі оқиға орнына келіп жеткен.

Сондай-ақ, Қырғызстандағы наразы халық Бішкектегі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимаратына кіріп, елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты тергеу изоляторындағы қамаудан шығарып алды.

Ал бүгін Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков жекелеген саяси күштердің мемлекеттік билікті заңсыз жолмен басып алуға тырысқанын мәлімдеді.

Соңғы ақпараттарға сүйенсек, Қырғызстанның орталық сайлау комиссиясы Жогаргу Кенеш сайлау нәтижелерін жарамсыз деп таныған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878126-kyrgyzstanny-karzy-ministrligi-barlyk-karzylyk-operacialardy-toktatty.html