RU

"Қашып кетпек болды": Шетелден оралған 22 жолаушы ПТР тест тапсырудан бас тартты

"Қашып кетпек болды": Шетелден оралған 22 жолаушы ПТР тест тапсырудан бас тартты
Көрнекі фото: astana.kz

БАӘ мен Түркиядан оралған 22 адам COVID-19 індетіне ПТР тест тапсырудан бас тартты. Дәрігерлер оларды бірнеше сағат бойы бас мемлекеттік санитар дәрігердің қаулысын орындауға көндірген деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

"22 адам бас тартты, автобуста отырды және кіргісі келмеді. Біз көндіруге тырыстық, олар жанжал шығарып бағынбады. Себептері әртүрлі болды. Түнге дейін түсіндірген соң, карантиндік стационарға бір-бірден кіре бастады", – дейді "Рамада Плаза" карантиндік стационарының директоры Жұлдыз Данбаева.

Наразылық білдірушілердің бірі – 42 жастағы қала тұрғыны. Ол сынақ нәтижесін күткісі келмейтінін айтып, мекемеден кетуге тырысқан. Полицейлер ер адамға шара қолданды.

"Ер адам әйелімен және баласымен Түркиядан ұшып келді. Оның отбасы барлық процедурадан өтсе де, ол талдау нәтижесін күтпейтінін мәлімдеді және қашып кетуге тырысты. Полицейлер шара қолданды", – деп түсіндірді Жұлдыз Данбаева.

Дәрігерлер мұндай жауапсыз азаматтар тек жақындарының ғана емес, жалпы елдің денсаулығына қауіп төндіреді деп ескертеді. Сондай-ақ, санитарлық нормаларды сақтамағаны үшін, маска тақпағаны үшін тәртіп бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

"Көктемде бәрі осылай басталды, елдің түкпір-түкпірінен келгендер арқылы инфекция кеңінен тарап кетті. Осындай қарсылық танытқандар басқа азаматтарға, жақындарына, туыстарына қауіп төндіреді", – дейді дәрігер.

Естеріңізге сала кетейік, 5 қазаннан бастап Қазақстанда жаңа шектеулер енгізілді.

Екінші санаттағы елдерден келетін адамдар үшін термометрия, сауалнама жүргізу, үш тәуліктен аспайтын коронавирус тесті туралы анықтаманың болуы сияқты міндетті талаптар белгіленген. Анықтама болмаған жағдайда, шетелден келгендер COVID-19-ға зертханалық тексеру жүргізу үшін стационарда екі тәулікке дейін оқшауланады.

Еске салсақ, бүгін, 6 қазан күні елордалық әуежайға төрт ұшақ келіп қонды. 170 жолаушының ПТР тесті жоқ, кейбірінің мерзімі өтіп кеткен. Олардың барлығы стационарларға жіберілді.

Сондай-ақ, елімізде өткен тәулікте коронавирус жұқтырған тағы 60 адам тіркелген. Осылайша, қазіргі уақытта Қазақстанда COVID-19 инфекциясы анықталғандар саны 108 296-ға жетіп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878139-kasyp-ketpek-boldy-setelden-oralgan-22-zolausy-ptr-test-tapsyrudan-bas-tartty.html