RU

Бұрын сотталған экс-депутат Қырғызстанның премьер-министрі міндетін атқарушы болып сайланды

Садыр Жапаров
Фото: Sputnik Қырғызстан

Кубатбек Боронов Қырғызстан премьер-министрі қызметінен кету туралы өтініш жазды. Бұл туралы жаңадан сайланған Жогорку Кенештің спикері Мықтыбек Абдылдаев мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Кабар агенттігі таратқан ақпаратқа сәйкес, Садыр Жапаров Қырғызстанның премьер-министр міндетін атқарушы болып сайланған.

Бұл туралы шешім "Достук" қонақүйінде өткен Жогорку Кеңештің бүгінгі кезектен тыс отырысында қабылданды. Отырысқа 67 депутат қатысты. Жиын барысында бұрынғы премьер-министр Кубатбек Боронов отставкаға кеткені жария етілді.

Еске сала кетсек, Садыр Жапаров 2013 жылы Қаракөлде митинг ұйымдастырғаны және өңір губернаторын кепілге алғаны үшін 2018 жылы 11, 5 жылға бас бостандығынан айырылған. Ол бүгін түрмеден босатылды.

Еске салсақ, 4 қазанда сайлау қорытындысына наразылық білдірген адамдар Ала-Тоо алаңына шығып, митинг өткізген болатын.

Оған қоса, Қырғыз парламенті мен президент аппараты жайғасқан Бішкектегі Ақ үйдің төртінші қабаты өртке оранды. Өрт сөндіру қызметі оқиға орнына келіп жеткен.

Сондай-ақ, Қырғызстандағы наразы халық Бішкектегі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимаратына кіріп, елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты тергеу изоляторындағы қамаудан шығарып алды.

Ал бүгін Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков жекелеген саяси күштердің мемлекеттік билікті заңсыз жолмен басып алуға тырысқанын мәлімдеді.

Соңғы ақпараттарға сүйенсек, Қырғызстанның орталық сайлау комиссиясы Жогаргу Кенеш сайлау нәтижелерін жарамсыз деп таныған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878176-bryn-sottalgan-eks-deputat-kyrgyzstanny-premer-ministri-kyzmetin-atkarusy-bolyp-sajlandy.html