RU

Алматыда балаларын жетектеген қайыршы ақша бермеген жүргізушіні оңдырмады

Фото
Видеодан кадр: Instagram/kris_p_almaty

Алматыда қайыр сұраған тілемші, садақа бермеген жүргізушіге шабуыл жасаған. Көлігінің терезесін сындырып, қолын тістеп алыпты. Бұзақы келіншекті полиция ұстап, жеке басын анықтады. Көп балалы ананың еш жерде жұмыс істемейтіні белгілі болды. Енді ол жасаған әркеті үшін қомақты айыппұл төлеуі мүмкін деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы Астана телеарнасына сілтеме жасап.

Әлеуметтік желіге тарап кеткен кадрлар осыдан үш күн бұрын Алтын Орда базарының жанында түсірілген. Кешкі сағат бестер шамасында кептелісте тұрған жәбірленушінің көлігіне қасына бес бала ерткен қайыршы әйел шабуыл жасапты.

"Жолдың дәл ортасында балаларын ертіп, қайыр сұрап жүрген әйелге сигнал бастық. Кейін ол біздің жанымызға келіп, бізден де ақша сұрады. Сигнал басқанымыз үшін дауыс көтерді. Садақа бере алмаймыз дегенімізде көліктің артқы терезесін сындырды. Өзі өте озбыр, дөрекі екен. Жанымда отырған анама таяқпен шабуыл жасап, басын жаралады. Менің қолымды тістеп алды", -  дейді алматылық тұрғын.

Жалпы, қала бойынша аталған бұзақы әйелден жәбір көргендердің саны жетерлік. Көбісі ғаламтор арқылы шағымын жазып, видеосын салған. Соның бірі алматылық бойжеткен – Римма Әбітова.

"Өткен жылы тамыз айында Алматы – Бішкек тасжолымен Алтын Орда маңында кетіп бара жатқан кезде бірінші рет жаңағы әйелді 4-5 баласымен көрдім. Үлкен қызын ағашпен қатты ұрып жатты. Мен оған ескерту жасадым, "Тәте, балаңыз ғой, ұрмасаңызшы", - деп. Сонда маған неше түрлі балағат сөз айтып, көлігімді ұрып, айғайға басқан еді", - дейді ол.

Телеарна мәліметінше, қазіргі уақытта полиция қызметкерлері бұзақы әйелді қолға түсірген.

Тәртіп сақшылары оның жеке басын анықтап, қасына ертіп жүргені өзінің 5 баласы екенін растап отыр.

Еш жерде жұмыс істемейтін 37 жастағы әйелге қатысты 6 әкімшілік іс қозғалғаны белгілі болды. Ол енді "Денені жарақаттау", "Бұзақылық", "Қоқыс тастау" және "Қоғамдық орында тиісу" сынды баптарына сай қомақты айыппұл арқалауы мүмкін.  

Ал оңтүстік астананың жергілікті тұрғындары қалада қайыр сұрайтындардың көбейгеніне алаңдаулы. Бірі аяққа оралса, енді бірі көлік қозғалысына қиындық тудырады, дейді олар.

Тиісті мекеме болса, бұндай азаматтармен күресуді бастап, рейдтік шаралар ұйымдастырғанын мәлім етті.

"Аталған фактіге байланысты Алтын Орда базары маңында арнайы рейдтік шаралар жүргізілген. 12 тұлға ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Қайыр сұрап жүрген 37 жастағы әйел азамат анықталды. Қазіргі кезде тиісті сараптамалар тағайындалды. Соның нәтижиелері бойынша әкімшілік материал сотка жіберілетін болады", - дейді Алматы облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Ақбота Қуанышбекқызы.

Айта кетейік, осы жыл басталғалы бері Алтын Орда базарының маңынан 2 400-ге жуық қайыршы ұсталған. Арасында Қазақстан азаматтығы жоқ тұлғалар мен екі қайтара айыппұл арқалағандары да бар көрінеді.  

Автор: Ә. Лесбек

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878179-almatyda-balalaryn-zetektegen-kajyrsy-aksa-bermegen-zrgizusini-odyrmady.html