RU

Бішкекте наразы халық парламент жиналысы өтіп жатқан қонақ үйге баса көктеп кірді (видео)

Бір топ наразылар "Достук" қонақ үйіне баса көктеп кірді
Бір топ адам "Достук" қонақ үйіне баса көктеп кірді. Фото: kg.akipress.org

Қырғызстандағы наразылық шаралар мен митингтер бүгін түнде де жалғасын тапты. Ашуға булыққан наразы халық парламенттің шұғыл жиналысы өтіп жатқан "Достук" қонақ үйінің ішіне баса көктеп кірді деп жазады KAZ.NUR.KZ.

24.kg басылымының хабарлауынша, жасақшылар мен наразылардың өзара қақтығысынан кейін, бір топ адам "Достук" қонақ үйіне қарай бет алды. Бұл ретте болған шерушілердің басым бөлігі мемлекеттің жаңа премьер-министрі болып тағайындалған Садыр Жапаровтың жақтастары болып шықты.

Қонақ үй алдында жиналған көпшілік оларға жаңа премьер-министр мен Жогоргу Кенеш депутаттарының ел алдына шыққанын талап еткен. Бұл туралы АКИpress мәлімдеді.

Наразылар "Достук" қонақ үйінің алдында
Наразылар "Достук" қонақ үйінің алдында. Фото: kg.akipress.org

Арнайы жасақ сарбаздары наразыларды ұстап тұруға барынша тырысты. Алайда, бір уақытта халық елордалық қонақ үй ішіне кіріп алды.

Айта кетерлігі, ол кезде аталмыш ғимаратта парламенттің шұғыл отырысы өтіп жатқан болатын.

Басылымның хабарлауынша, бір топ адам қонақ үйге депутаттардың шұғыл отырысында парламент спикері Дастан Джумаковтың отставкасы талқыланып жатқан сәтте баса көктеп кірген. Бұл жиналыста премьер-министр Кубатбек Боронов та отставкаға кетіп, үкімет басшысы болып Садыр Жапаров тағайындалды.

АКИpress хабарламаларына сәйкес, қонақ үйге кіріп келген наразылардың қолында таяқ пен тастар болған. Басылымның жазуынша, елдің жаңа премьер-министрі мен экс-депутат Камчыбек Ташиев ғимараттан жасырын есік арқылы шығып кетті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878197-biskekte-narazy-halyk-parlament-zinalysy-tip-zatkan-konak-jge-basa-kktep-kirdi-video.html