RU

Тойда қонақтарды "чипсымен қатырған" жас жұбайлар сынға қалды (фото)

Дастархан
Көрнекі фото: pixabay.com

Ұлыбританияның әлеуметтік желі қолданушылары қонақтарды чипсымен тойдырмақ болған жас жұбайларды қызу талқыға алуда деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Бұл жайттың желі парақшасында қызку пікірталас тудырғанын The Sun басылымы жазған. Басылым ақпаратына сәйкес, оқыс жағдай туралы Facebook желісінде қалыңдықтың құрбысы сөз етіпті. Бойжеткен тойдағы жұпыны дастарханға күйініп, көпшіліктен мұның қаншалықты орынды екенін сұрайды.

Айтуынша, тойға келген қонақтар дастарханды көріп, жағасын ұстаған. Аста-төк дастарханнан ауыз тиюге үміттеніп келген олар өз көздеріне сенбепті. Жас жұбайлар қуанышты күніне келген қонақтарды чипсымен тойдыруды жөн санаған екен. Тіскебасардан бөлек дастарханға азын-аулақ туралған жеміс-жидек қойылыпты.

Жас жұбайлардың құрбысы жұпыны дастарханның суретін желіде жария етіп, ойын ортаға салған.

Дастархан
Тойдағы дастархан. Фото: thesun.co.uk/FACEBOOK
"Біздің тағамымыз круассан мен жарты бутербродтан, таяққа тізілген жемістерден және чипсыдан құралды", - деп таңданыс білдірді той қонағы.

Ол тойда, тіпті орындықтар қарастырылмағанын есіне алды.

"Бұл жайттан бөлек, тойда отыруға ыңғайлы орындықтардың да болмауы ашуымды келтірді", - дейді ол.

Сол арада желі қолданушылары мұндай дастарханды әдетте балаларға жаятынын айтып, пікірлерін жаудырды.

Олар жас жұбайлардың бұл әрекеті қонақтарды сыйламаумен тең екенін айтуда. Кей желі қолданушылары мұндай жұпыны дастарханды жайғаннан гөрі мүлде ештеңе жаймаған артық екенін алға тартты.

Еске салсақ, бұған дейін біз әлеуметтік желіде коронавирус салдарынан тойына келуге қорқатын қонақтарға ренішін жеткізген қалыңдықтың жазбасы көпшіліктің ашуын келтіргенін жазған едік.

Одан бөлек, коронавирустан тойына қонақ шақыра алмаған жас жұбайлар оғаш шешім ойлап тапқанын жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878235-tojda-konaktardy-cipsymen-katyrgan-zas-zbajlar-synga-kaldy-foto.html