RU

Бішкекте соңғы тәулікте екінші рет қала басшысы ауысты

Бакетаев
Фото: tazabek.kg

Қырғызстан астанасында қала басшысы тағы да ауысты. Енді Бішкек мэрі қызметін бірінші вице-мэр Алмаз Бакетаев атқаратын болады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Бішкекте соңғы тәулікте екінші рет қала басшысы ауысты. Кеше таңертең ереуілшілер астана әкімшілігі ғимаратын басып алды. Содан соң 2018 жылдан бері шаһарды басқарған Азиз Суракматов қызметінен кетті.

Жоошбек Коеналиев өзін қала басшысы деп жариялады. Ер адамның айтуынша, оның мэр болғанын халық қалайды.

Коеналиев әкім ретінде алғашқы бұйрығын да беріп үлгерген. Ол Ақ үйдің айналасындағы қоршауды алып тастауға шешім шығарған. Кешке ғимаратты бөлшектеу жұмыстары басталды. Алайда бүгін Бішкекке жаңа мэр тағайындалғаны белгілі болды.

24.kg басылымының астаналық муниципалитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап жазуынша, енді Бішкек мэрінің міндетін бірінші вице-мэр Алмаз Бакетаев атқарады.

Бакетаевты тағайындау туралы шешімді Қаладағы жағдайды шешу жөніндегі үйлестіру кеңесі қабылдаған.

Еске сала кетсек, қырғызстандық сарапшылар Сооронбай Жээнбеков қызметінен өз еркімен отставкаға кетуі керек екенін айтты.

Сарапшылардың ойынша, қазір ол осылайша Қырғызстандағы жағдайдың тезірек тұрақтануына ықпал ете алады.

Айта кетсек, Қырғызстандағы наразылық шаралар мен митингтер бүгін түнде де жалғасын тапты. Ашуға булыққан наразы халық парламенттің шұғыл жиналысы өтіп жатқан "Достук" қонақ үйінің ішіне баса көктеп кірген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878236-biskekte-sogy-tulikte-ekinsi-ret-kala-bassysy-auysty.html