RU

Якутияда ер адам аюдың шабуылынан кейін ғажайыптың күшімен аман қалды

Ақ аю
Көрнекі фото: pixabay.com

Якутияның Булунск ауданында ақ аю ер адамға шабуылдаған. Абырой болғанда, ол ауруханаға жеткізіліп, аман қалды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы РИА Новостиге сілтеме жасап.

Өңірлік денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, дүйсенбі күні кешке Тикси ауылының ауруханасына қол, аяқ және бас жарақаттарымен ер адам жеткізілген.

"Ақ аюдың шабуылынан кейін ол ғажайыптың күшімен аман қалды. Дәрігерлер шұғыл түрде қажетті көмек көрсетіп, науқастың жағдайын тұрақтандырды", – деді ведомство өкілдері.

Облыстың бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметі оқиғаның Казачье ауылының жанындағы аралда болғанын хабарлады. Жыртқыштың шабуылынан 50 жастағы ер адам зардап шеккен.

Федералды қауіпсіздік қызметі РИА Новости басылымына ер адамның бұғы өсірумен айналысатынын мәлім етті. Шекарашылар оны аудан орталығына тікұшақпен жеткізген.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысында өз баласын қорғамақ болған аюдың адамды талап өлтіргенін жазғанбыз.

Қайғылы оқиға 30 мамыр күні сағат 06.25 шамасында Алматы облысы Алакөл ауданының тауларында орын алды. Аю 1979 жылғы Ресей Федерациясының азаматына шабуыл жасаған. Аталған дерек сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне оқыс оқиға ретінде тіркелді.

Сондай-ақ бұған дейін Үндістанның Гуджарат штатында жеті адамды жеп қойған қолтырауын қолға түскенін хабарлаған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878238-akutiada-er-adam-audy-sabuylynan-kejin-gazajypty-ksimen-aman-kaldy.html