RU

Елбасы Тоқаевты президент лауазымына не үшін ұсынғанын айтып берді

Назарбаев пен Тоқаев қол алысып тұр
Көрнекі фото: alashinform.kz

Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Абай аманаты" атты мақаласында Қасым-Жомарт Тоқаевты мемлекет басшысы лауазымына не себепті ұсынғанын айтып берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Нұрсұлтан Назарбаев ел президенті ретіндегі өкілеттігін өз еркімен тоқтату туралы шешім қабылдамас бұрын болашақ ел басқарар азаматқа керек қайраткерлік тәжірибе мен тағылым жайын ой тезіне, көңіл безбеніне тартып, асықпай, зер сала қараған.

"Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап менімен бірге жұмыс істеген Қасым-Жомарт Тоқаевтың адал әрі жауапкершілігі жоғары азамат екенін есепке алмағанда, оның елдегі ішкі жағдайды саралап қана қоймай, шығыстың да, батыстың да тілдерін меңгергенін, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары қызметін атқарғанын, әлемдік саясаттағы Қазақстанның орнын байыптай алатын дипломаттық қырын да ескердім.

Сондай-ақ, өзім айрықша мән беріп келе жатқан ел бірлігі мәселесі мен адамзаттық құндылықтарды үйлестіру қабілетіне сенім арттым.

Өткен жылы Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойын ХХІ ғасырға қарышты қадам басқан тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі саяси, экономикалық және мәдени жетістіктері аясында атап өту туралы шешім қабылдады.

Бұл – менің "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру", "Ұлы даланың жеті қыры" атты бағдарламалық мақалаларымда қойылған мақсаттарды жүзеге асырудың заңды жалғасы және Абай мұрасын заман сұраныстарына сай қайта зерделеудің маңыздылығын білдіреді", - деп жазды Елбасы өз мақаласында.

Айта кетейік, Нүрсұлтан Назарбаев өткен жылдың 19 наурызында президент өкілеттігін тоқтатты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878264-elbasy-tokaevty-prezident-lauazymyna-ne-sin-synganyn-ajtyp-berdi.html