RU

Тоқаев ауруханаларының дайындығы нашар облыстарды атады

Тоқаев ауруханаларының дайындығы нашар облыстарды атады
Көрнекі фото: piqsels.com

Бүгін мемлекет басшысы коронавирус індетінің екінші толқынына дайындық мәселелері бойынша кеңес өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде емханалары мен ауруханаларының дайындығы нашар облыстарды атады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Президент кеңес барысында мемлекет жаз айларында дәрі-дәрмек тапшылығын айқын сезінгенін тілге тиек етті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, осыған сәйкес нақты жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, екі айға жететін қор жасақталып, ең қажетті деген дәрі-дәрмектің тізімі ұлғайтылған. Препараттарды шетелдерден әкелу және тіркеу тәртібі жеңілдетілді.

Алайда мемлекет басшысы өңірлерде дәрі-дәрмектерді тұрақтандыру қорларының көлемі және дайындық жұмыстары біркелкі емесін баса айтты.

"Мысалы, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында – екі жүз миллион теңгеден. Маңғыстау облысында – үш жүз миллион теңге. Ал Нұр-Сұлтан қаласында бір миллиард алты жүз миллион теңге, Алматыда – бес миллиард теңге", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оған қоса, президент емханалары мен ауруханаларының дайындығы нашар облыстарды атап, жіберілген кемшіліктерді дереу түзетуді тапсырды.

"Денсаулық сақтау министрлігінің өңірлердегі дайындық барысына берген бағасымен таныстық. Соған сәйкес, Маңғыстау және Алматы облыстарында емханалар мен ауруханалардың дайындығы нашар екендігі анықталып отыр. Осы олқылықтарды үкімет пен әкімдер дереу түзетуге міндетті.

Үкіметке әкімдермен бірлесіп, екі апта ішінде тұрақтандыру қорларын белгіленген нормативке сәйкес жасақтауды және медицина инфрақұрылымының толық дайын болуын қамтамасыз етуді тапсырамын", – деді мемелекет басшысы.

Еске салсақ, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновті қабылдаған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878323-tokaev-auruhanalaryny-dajyndygy-nasar-oblystardy-atady.html