RU

"СҚ-Фармация" және МӘМС-ге қатысты қылмыстық ісі: Тоқаев үкіметке ескерту жасады

Тоқаев1
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус пандемиясының екінші толқынына дайындық жөніндегі кеңесте тапсырмаларды орындау кезінде асыра сілтеушілік болғаны үшін үкіметке ескерту жасады. Мәселен, "СҚ-Фармация" және МӘМС ісін тергеу салдарынан шенеуніктер бүкіл денсаулық сақтау жүйесін цифрландыруды тоқтатып қойған деп жазады KAZ.NUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

"СҚ-Фармация" мен Медициналық сақтандыру қорының қылмыстық тергеуіне байланысты денсаулық сақтауды цифрландыру процестері іс жүзінде тоқтатылды.
Қазіргі уақытта қылмыстық тергеу және сотқа дейінгі тексеру шеңберінде Қаржы министрлігінің қаржылық мониторинг комитеті денсаулық сақтауды интеграциялау платформасына кез келген өзгертулер енгізуге бағытталған барлық әрекеттерді тоқтатты", - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің сөзінше, осы ретте, платформаны толығымен алмай және жүйені тоқтатпай тергеуді жүргізе беруге техникалық мүмкіндіктер бар.

"Бұл әрқайсысы ведомстволық мүдделерді бірінші орынға қоятын мемлекеттік органдардың іс-әрекеттерінің келісілмегенінен хабар береді. Бұл мүлдем жол беруге болмайтын жағдай, әсіресе қазір", - деді мемлекет басшысы.

Президент пандемияға байланысты деректердің бұрынғыдай қолма-қол жиналатынын, медициналық ұйымдардың ақпарат алмаспайтынын қоса айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет пен президент әкімшілігіне осы мәселені шешуді тапсырды.

Еске сала кетсек, бұған дейін мемлекет басшысының коронавирустың екінші толқынына дайындық жөніндегі кеңес өткізгенін хабарлаған едік.

Айта кетейік, соңғы мәліметтерге сәйкес елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 108 362-ге жетті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878324-sk-farmacia-zne-mms-ge-katysty-kylmystyk-isi-tokaev-kimetke-eskertu-zasady.html