RU

"Ресейде 20-30 теңге тұрады": Президент маска бағаларын ретке келтіруді тапсырды

Бетперде3
Көрнекі фото: pixabay.com

Мемлекет басшысы коронавирус індетінің екінші толқынына дайындық мәселелері бойынша кеңес барысында масканың шекті бағасы 60 теңге қазақстандықтар үшін тиімді екеніне күмән келтірді. Президент Ресейде бетперделер 20-30 теңге тұратынын айтты деп жазады KAZ.NUR.KZ Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

"Сондай-ақ қорғаныс маскаларының бағасын төмендетуді қамтамасыз ету маңызды. Себебі, Қазақстанда маска бағасы бұрынғыдай басқа елдермен, әсіресе Ресеймен салыстырғанда әлдеқайда қымбат болып тұр.

Үкімет маскаларға шекті бөлшек сауда бағасын 60 теңге шегінде бекітуді жоспарлап отыр. Ресейде, маған хабарлағандай, маска құны 20-30 теңге тұрады, яғни бұл бағдар азаматтар үшін қолайлы", - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда президент Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне мұндай бағалардың сәйкестігіне талдау жасап, зертханалық қызметтер мен жеке қорғаныш құралдарының бағаларына мониторинг жүргізуді тапсырды.

Айта кетейік, кеңес барысында мемлекет басшысы еліміз жаз айларында дәрі-дәрмек тапшылығын айқын сезінгенін тілге тиек етті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, осыған сәйкес нақты жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, екі айға жететін қор жасақталып, ең қажетті деген дәрі-дәрмектің тізімі ұлғайтылған.

Препараттарды шетелдерден әкелу және тіркеу тәртібі жеңілдетілді. Алайда мемлекет басшысы өңірлерде дәрі-дәрмектерді тұрақтандыру қорларының көлемі және дайындық жұмыстары біркелкі емесін баса айтты.

Оған қоса, президент емханалары мен ауруханаларының дайындығы нашар облыстарды атап, жіберілген ақауларды дереу түзетуді тапсырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878332-resejde-20-30-tege-trady-prezident-maska-bagalaryn-retke-keltirudi-tapsyrdy.html