RU

Тоқаев: Әлемде болып жатқан оқиғалардан сабақ алуымыз керек

Фото
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елді береке-бірлікке шақырды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Ақордаға сілтеме жасап.

Бұл туралы ел президенті коронавирус індетінің екінші кезеңіне дайындық мәселелері бойынша кеңесте айтты.

"Қазір әлемдегі жағдай күрделі. Тіпті, кейбір аймақтардағы ахуал ушыға түсті. Бұл жағдай әрине, бізді де алаңдатады. Барлығымыз ел ішінде және айналамызда тұрақтылық болғанын қалаймыз. Сондықтан әлемде болып жатқан оқиғалардан сабақ алуымыз керек.
Елдің береке-бірлігі мен амандығы бәрінен қымбат. Әсіресе, бұл қазіргідей кезеңде өте маңызды. Әлемді жайлаған пандемияға және экономикалық дағдарысқа төтеп беру үшін мемлекет барлық қажетті шараларды қабылдауда. Бірақ бұл жұмыс бүкіл ел болып, жұмыла білсек қана өз нәтижесін береді", - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда мемлекет басшысы "төртеу түгел болса, төбедегі келеді" деген, бабалардан қалған нақылды еске салып өтті.

"Біздің барлық жетістіктеріміз, ең алдымен, ауызбіршіліктің арқасы. Осыны ұмытпаған жөн", - деп сөзін қорытындылады президент.

Айта кетейік, кеңес барысында мемлекет басшысы еліміз жаз айларында дәрі-дәрмек тапшылығын айқын сезінгенін тілге тиек етті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, осыған сәйкес нақты жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, екі айға жететін қор жасақталып, ең қажетті деген дәрі-дәрмектің тізімі ұлғайтылған.

Препараттарды шетелдерден әкелу және тіркеу тәртібі жеңілдетілді. Алайда мемлекет басшысы өңірлерде дәрі-дәрмектерді тұрақтандыру қорларының көлемі және дайындық жұмыстары біркелкі емесін баса айтты.

Оған қоса, президент емханалары мен ауруханаларының дайындығы нашар облыстарды атап, жіберілген ақауларды дереу түзетуді тапсырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878348-tokaev-lemde-bolyp-zatkan-okigalardan-sabak-aluymyz-kerek.html