RU

Грузияда жоғалып кеткен 13 жастағы алматылықтың ата-анасы мәлімдеме жасады (видео)

Пилпанилер
Фото: Видеодан кадр

Грузияда жоғалып кеткен 13 жастағы Алматы тұрғыны Илья Пилпанидің ата-аналары Рогальд пен Ксения ұлдары туралы кез келген ақпаратпен бөліскендерге ақшалай сыйақы беретінін мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Әлі күнге дейін табылмай жатқан Илья Пилпанидің ата-анасы баспасөз конференциясын өткізді, оның барысында ерлі-зайыптылар баланы іздестіруде көмек қолдарын созып, жағдайға бей-жай қарамағандарға алғыс білдірді.

Баспасөз конференциясының видеожазбасы "kvira" медиахолдингінің Facebook парақшасынан көруге болады.

Сонымен қатар, олар ұлы туралы кез келген ақпарат үшін сыйақы беретіндерін мәлімдеді.

"Егер сізде қазіргі уақытта біздің ұлымыздың қай жерде екендігі туралы ақпарат болса және бұл ақпарат расталса, біз 50 мың лари (6,68 млн теңге) төлеуге дайынбыз.
Ұлымызды табуға немесе оның жоғалып кетуіне қатысы бар адамдармен байланысқа шығуға көмектесетін кез келген ақпарат үшін 30 мың лари (4 миллион теңге) төлеуге дайынбыз", - дейді Ксения Пилпани.

Әйел адамның айтуынша, бүгінгі күнге дейін тергеу жұмыстары жалғасуда. Илья шамамен жоғалып кеткен Ланджери, Местия, Местия-Джвари тас жолының айналасындағы аймақтар белсенді түрде тексерілуде.

Ерлі-зайыптылар мәлімет жетіспегендіктен процестің баяу жүріп жатқанын да жасырмады.

Сондықтан жұбайлар бұл хабарлама оларға ұлдарын табуға көмектеседі деген сенімде.

Еске сала кетейік, бұған дейін Грузиядағы туыстарына қонаққа барып, карантинге байланысты ұзақ уақытқа қалып қойған 13 жастағы алматылық Илья Пилпанидің жоғалып кеткенін хабарлаған едік. Ол 18 шілде күні велосипедпен серуендеу үшін үйден шығып кетіп, сол күйі қайта оралмаған.

Басында баланы іздеу жұмыстарына 50 құтқарушы, сондай-ақ қол ұшын созуға ниет білдірген жергілікті түрғындар жұмылдырылған болатын.

Кейіннен Грузия ішкі істер министрлігінің арнайы брифингінде төтенше жағдайларды басқару қызметінің басшысы Теймураз Мгебришвилиха жоғалған алматылықты іздестіруге тікұшақ пен 80 өрт сөндіруші жұмылдырылғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ Грузия ішкі істер министрінің жоғалған жеткіншекті іздеу жұмыстарын жеке бақылауына алғаны белгілі болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878380-gruziada-zogalyp-ketken-13-zastagy-almatylykty-ata-anasy-mlimdeme-zasady-video.html