RU

Мемлекет басшысы: Дәрігерлер өздеріне тиесілі ақшаны сұрап алмауы тиіс

Дәрігер1
Көрнекі фото: piqsels.com

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің екінші кезеңіне дайындық жөніндегі кеңесте медицина қызметкерлерінің үстемақы және сақтандыру төлемдерін алуда әлі күнге дейін бюрократиялық кедергілер бар екенін айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Президенттің сөзінше, пандемияның екінші толқыны болған жағдайда негізгі салмақ тағы да медицина қызметкерлеріне түседі.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, өзінің тапсырмасы бойынша екінші жартыжылдықта медицина қызметкерлеріне төлемақы үшін 150 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Бірақ үстемақы және сақтандыру төлемдерін алуда әлі күнге дейін бюрократиялық кедергілер бар.

"Жергілікті жерлерде үстемақыға қатысты "цифрмен ойнау" мәселесі жалғасуда. Бұл қаржы бөлу ісінде осы уақытқа дейін ашықтық жоқ. Мұндай жағдайды болдырмау қажет. Бас дәрігерлер жұмыс уақытының есебін түзетуді медицина қызметкерлерінің пайдасына емес, керісінше жасауға тырысып жүр.

Дәрігерлер өздеріне тиесілі ақшаны сұрап алмауы тиіс. 30 қыркүйектегі мәлімет бойынша пандемия кезінде бұл індеттен 182 медицина қызметкері көз жұмды. Қазіргі кезде бұл жағдайларды түрлі комиссиялар қарастыруда. 37 отбасына ғана жәрдемақы төленді. Мұндай жағдайға мүлде жол бермеу керек.

Өлім себептерін адам қайтыс болғаннан кейін анықтау көптеген қиындықтар, соның ішінде, этикалық сипаттағы түйткілдерді туындатады. Осы орайда үкіметке қайтыс болған медицина қызметкерлерінің отбасыларына егжей-тегжейлі тергеу жүргізбей, тиісті барлық жәрдемақыны төлеуді тапсырамын.

Медицина қызметкерлерінің қызмет барысында науқасқа шалдығуы расталған жағдайда олардың төлемақылары қысқа мерзім ішінде сөзсіз төленуі тиіс", – деді мемлекет басшысы.

Айта кетейік, бүгінгі кеңес барсында президент коронавирустың екінші толқынына емханалары мен ауруханаларының дайындығы нашар облыстарды да атады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878406-memleket-bassysy-drigerler-zderine-tiesili-aksany-srap-almauy-tiis.html