RU

ІІМ елімізде жол ережесін бұзғандардың адам шошырлық статистикасын жариялады

Тасжол1
Көрнекі фото: pixabay.com

Елімізде жол ережесіне жүрдім-бардым қарағанның салдарынан 1300-ге жуық адам көз жұмған. Ал жол тәртібіне мойынсұнбау жағдайы 3 миллионнан асып кеткен деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

Ішкі істер министрлігінің мәліметіне қарағанда соңғы тоғыз айда еліміздің тас жолдарында 1265 адам мерт болған. Тағы 12 мыңға жуық отандасымыз ауыр жарақаттанып ота алған.

Ай мен күннің аманында осыншама отбасының жақындарынан көз жазып қалуына себеп біреу – жылдамдықты асыру деп хабарлайды телеарна.

Жолда құрбан болғандардың басым бөлігі – жаяу жүргіншілер екен. Тәртіп сақшылары жүргіншілердің де кесірінен қаза көбейді дейді.

Жолдан жүгіріп өту секілді жаман әдет салдарынан 75 адам мерт болып, 300-ге жуық жерлесіміз мүгедек болған.

Жол ережесін сақтамайтындардың қатарында велосипед пен самокат иелері де бар. Қазір оларға қатысты жол ережесіне өзгерістер әзірленуде.

"Жол ережесі заңнамасына жаңа құжаттар әзірленіп жатыр. Онда самокат, электр самокат пен скутерлерге қатысты ережелер жазылады. Самокат иелерінің жолда жүру құқы мен жол ережесін бұзған жағдайда жауапкершілігі көрсетіледі. Өзгерістер туралы жақын күндері толық айтамыз", - дейді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов.

Дереккөз КТК арнасы

Еске сала кетейік, бұған дейін Атырау – Ақтөбе тас жолындағы жол апатынан 9 адамның қаза тапқанын хабарлаған болатынбыз.

Сол уақытта бұл оқиғаға қатысты пікір білдірген Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жол-көлік оқиғаларының 96 пайызы жүргізушілердің кінәсінен болатынын атап өткен еді. Министр бұған бірнеше факторды келтірген болатын.

Кейін жол апатынан қаза тапқан марқұмдардың кім екені белгілі болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878436-iim-elimizde-zol-erezesin-bzgandardy-adam-sosyrlyk-statistikasy-zarialandy.html