RU

Қырғызстан депутаттары Жээнбековке импичмент жариялау туралы бастама көтерді

Сооронбай Жээнбеков
Фото: рresident.kg

Қырғызстанның бір топ парламент мүшелері президентке импичмент жариялау туралы бастама көтерді. Алайда олар кворум жинай алмады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

ТАСС-тың хабарлауынша, "Ата-Мекен" партиясының халық қалаулысы Қаныбек Иманалиев бірқатар депутаттар импичмент жариялау туралы бастама көтергенін мәлімдеген. Оның сөзіне сенсек, бұл мәселе күн тәртібінде қалуда.

Агенттіктің дереккөзі айтқандай, 7 қазанда жаңадан сайланған парламенттің спикері Мықтыбек Абдылдаев пен 40-тан астам депутаттың қатысуымен кездесу өткізіліп, онда елдегі қазіргі жағдай талқыланған.

Басылымның мәліметіне сәйкес, парламентте кворум болу үшін 60-тан астам депутаттың қатысуы қажет.

Ал 24 kg ақпараты бойынша, халық депутаты Эльвира Сурабалдиева кездесу барысында ықтимал импичмент туралы әңгіме болғанын айтқан. Ол сондай-ақ импичментке қол қоюдан бас тартқан депутаттардың атын атаған.

Естеріңізге сала кетейік, 4 қазанда Қырғызстанда парламент сайлауы өтіп, оған көңілі толмаған тұрғындар 5 қазанда наразылық шеруіне шыққан. Оған он мыңдаған адам қатысқан.

Наразы жұрт Ақ үйді басып алып, сонымен қатар қамауда отырған елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты бостандыққа шығарып алды.

Бастапқыда шерушілердің полициямен қақтығысынан 120-дан аса адам зардап шеккені хабарланды.

Кейін наразылық акциясынан зардап шеккендердің саны өскені белгілі болды.

Елдің денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтері бойынша барлығы 768 адам медициналық көмекке жүгінген, олардың 550-і дәрігерлерден көмек пен ұсыныстар алып, амбулаториялық емделуге жіберілген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878437-kyrgyzstan-deputattary-zeenbekovke-impicment-zarialau-turaly-bastama-kterdi.html