RU

Құс тұмауы: СҚО ветеринарлары тұмау жұқтырмаған үй құстарын қырып тастамақшы

Құс тұмауы
Көрнекі фото: pixabay.com

Солтүстік Қазақстан облысының ветеринарлары құс тұмауын жұқтырмаған үй құстарын қырып тастауға бекініп отыр. Осылайша, олар індеттің таралауын тоқтатпақ. Алайда бұны бұқара қолдамауда деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Қызылжар өңірінде құс тұмауы осыдан тура бір ай бұрын ең алдымен Якорь және Бескөл ауылдарынан анықталған болатын. Ресми деректерге сәйкес, аталмыш елдімекендерде бес мыңға жуық құс қырылып қалған.

Алты жылдан бері құс шаруашылығымен айналысып жүрген Якорь ауылының тұрғыны Талғат Есенов қаздарының кеселді жұқтырмағанына қуануда. Десе де, ветеринарлардың үй құстарын жаппай қыру туралы жаңа қаулысын естіп, көңілі су сепкендей басылған. Ол бұған жол бермейтінін айтады.

"Менде отыз шақты қаз, ауырып жатқан жоқ. Өзіңіз көрдіңіз ғой? Қарсымын. Мен тірі қазды неге беремін? Ауырып, өліп жатса, өзім шақырар едім. Халық енді бәрі қорқып, тығып жатыр", - дейді Якорь ауылының тұрғыны Талғат Есенов.

Айта кетсек, бүгінде облыс бойынша 200 000-ға жуық құс өліп қалған. Оның 16000-ы жеке сектордың үлесінде болса, қалғаны құс фабрикаларына тиесілі екен. Мамандар аймақта тұмаудың таралуы бүгінде бәсеңдеп келетінін айтуда. Дегенмен, індеттің көзін жою үшін осындай қадамға бару аса қажет деген пікірде.

"Қазір 41 ауылда карантин режимі сақталып отыр. Басқа ауылдарда құс өлуінің жаңа жағдайлары төрт күннен бері байқалмады. Ал Бескөл мен Якорь ауылдарында құстың қырылуы тыйылмай отыр. Сондықтан Бескөлдің ішіндегі екі шағын ауданда 2.5 мың құс және Якорь ауылында қалған 3 мың құсты тәркілеп, оны өрттеп жіберу шешімі қабылданды", - дейді АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті СҚО аумақтық инспекцияның басшысы Марат Ыбыраев.

Тұмаудан қырылған құстарға өтемақы көлемі де нақтыланған еді. Ауыл шаруашылығы министрлігі тауық үшін 1300 теңге, қаз үшін 5300 теңге берсе, күркетауықтың бір басына 7500 теңге төлемек. Алайда Қызылжар өңірінде өтемақыға ие болатын адамдардың нақты саны әзірге белгісіз болып отыр.

Құс тұмауына қатысты мемлекет басшысы да өз пікірін білдірген болатын. Ауыл шаруашылығы министрлігінің салғырттығын сынаған президент ветеринарлық қызмет дамуының деңгейі тым төмен болғандықтан, құс тұмауын дер кезінде алдын алу мүмкін болмағанын сөз етті. Мемлекет басшысы үкіметке бұл саланы жетілдіруді тапсырды.

А. Құрманкин

Еске салсақ, бұған дейін СҚО-да 18 ауыл карантинге жабылған болатын.

Одан бөлек, ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстандағы құс тұмауының шығу себебін жариялаған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878444-ks-tmauy-sko-veterinarlary-eki-auylda-kalgan-j-kstaryn-kyryp-tastamaksy.html