RU

Aлматыда ер адам сыраның кесірінен 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды

Ер адам
Фото: polisia.kz

Алматыда полиция қызметкерлері мас күйінде темір тұлпарды тізгіндеген жүргізушіні ұстады. Белгілі болғандай, ер адамға айыппұл салынып, тиісті жаза тағайындалған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Анықталғандай, оңтүстік астанада жыл басынан бері мас күйінде көлік жүргізгені үшін 1 мыңнан астам автокөлік жүргізушісі ұсталған.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша мас күйінде көлік құралын басқарғаны үшін жазаны күшейту шаралары қабылданды. Алайда кейбір жауапсыз жүргізушілер әлі де заңды бұзуда. Алматыда жыл басынан бері мас күйінде көлік жүргізгені үшін 1 мыңнан астам автокөлік жүргізушісі ұсталды. Сот шешімі бойынша олардың барлығы кемінде жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды және әкімшілік қамауға алынды”, – дейді Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Мұраталиев.

Жуырда патрульдік полиция қызметкерлері мас күйінде көлік басқарған жүргізушіні ұстаған. Азамат достарымен кездесу барысында сыра ішкеннен кейін рөлге отырған.

“Қаланың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысымен аталған жүргізуші 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылып, 30 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Сонымен қатар, әрбір жүргізуші "Мас жүргізуші – қылмыскер" деген аксиоманы ұстануы тиіс. Қазіргі таңда қала жолдарында полицияның патрульдеуі күшейтілгенін атап өткім келеді. Мас жүргізушілерді анықтау бойынша рейдтер жалғасуда", – деп қорытындылады полковник Мұраталиев.

Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтанда 2020 жылдың 22 маусымында кешкі уақытта әйел адам тізгіндеген жеңіл көлік үш жаяу жүргіншіні қағып кеткен болатын.

Кейінірек сот айыпталушыны 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878468-almatyda-er-adam-syrany-kesirinen-7-zylga-klik-zrgizu-kkygynan-ajyryldy.html