RU

Қазақстанда өткен тәулікте коронавирус пен оның белгілері бар пневмониядан бес адам қайтыс болды

Өлім-жітім1
Көрнекі фото: Bharat Bhushan/Hindustan Times via Getty Images

Елімізде 7 қазанда коронавирус пен оның белгілері бар пневмониядан бес адам көз жұмған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Coronavirus2020.kz сайтына сілтеме жасап.

2020 жылдың 8 қазанындағы жағдай бойынша, өткен тәулікте COVID-19 белгілері бар пневмониямен сырқаттанған 266 адам тіркелген. Бір науқас қайтыс болған. 9 адам жазылып шыққан.

Жалпы 1 тамыздан бастап 8 қазанға дейін аталмыш диагнозбен ауырғандар саны – 34 143, қайтыс болғандар – 362, ал жазылып шыққандардың саны 27 572-ге жеткен.

Ал коронавирус жайлы статистикаға келсек, өткен тәулікте COVID-19 инфекциясынан 4 адам көз жұмған.

Тағы 92 адам коронавирус жұқтырған. Осылайша, жалпы ел бойынша ауырғандар саны 108 454-ке жетіп отыр.

Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК-тың ресми Telegram арнасының хабарлауынша, қазіргі кезде COVID-19-дың 3094 белсенді жағдайы тіркелген, оның 70-і балалар екен.

Стационарларда 1 898 адам ем алып жатыр. 1 196 адам амбулаториялық жағдайда емделуде.

Жалпы науқастардың арасында 87 адамның халі нашар. Соның ішінде 13 науқастың жағдайы аса қатты ауыр деп бағалануда. 15 науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.

Айта кеткен жөн, күні кеше денсаулық сақтау министрі Алексей Цой президенттің қатысуымен өткен коронавирустың екінші толқынына дайындық жөніндегі кеңесте елімізде локдаунның қашан енгізілуі мүмкін екенін айтты. Ол бірнеше сценарийді атаған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878485-kazakstanda-tken-tulikte-koronavirus-pen-ony-belgileri-bar-pnevmoniadan-bes-adam-kajtys-boldy.html