RU

"Басқаша болмайды": Тоқаев коронавирус вакцинасы жөнінде сөз қозғады (видео)

Тоқаев1
Фото: Ақорда

Коронавирус пандемиясының екінші толқынына дайындық жөніндегі кеңесте сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды коронавирусқа қарсы вакцинамен қамтамасыз етудің маңызды екенін айтты деп жазады KAZ.NUR.KZ президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің Facebook парақшасына сілтеме жасап.

"Азаматтарды вакцинамен қамтамасыз ету керек, басқаша болмайды. Біз, әрине, ұйымдастырушылық және басқа да әр түрлі шаралар қолдана аламыз. Бірақ ең бастысы - вакцинаның көмегімен адамдардың коронавирус жұқтыруының алдын алу", - деп есептейді президент.

Мемлекет басшысына жауап берген денсаулық сақтау министрі қазіргі таңда бірнеше вакцина тасымалдаушымен, соның ішінде Ресеймен келіссөздер жүргізіліп жатқанын айтты. Осы ретте Қазақстанда өз препаратын дайындап жатыр.

Алексей Цойдың сөзінше, қазір Ресейде коронавирусқа қарсы екі вакцина әзірленіп жатыр. Министрлік екі препаратты да жеткізу жөнінде келіссөздер жүргізуде.

Ал қазақстандық вакцинаға тоқталған министр клиникаға дейінгі сынақтардың сәтті болғанын атап өтті.

"Қазір еріктілерге вакцинацияның бірінші-екінші кезеңін, зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Білім және ғылым министрлігі бұл кезеңді біздің министрлікпен бірге қараша-желтоқсан айларында аяқтайды деп күтудеміз. Осыдан кейін біз үшінші кезеңге көшу үшін қосымша құжаттар күтеміз", - деді Алексей Цой. Оның сөзінше, мұнымен бірге вакцина өндіретін зауыт та салынбақ.

Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл жұмысты жылдамдату керектігін атап өтті. Өйткені коронавирусқа қарсы вакцинаны жасау - денсаулық сақтау министрлігі мен жалпы үкіметтің жұмысындағы басымды бағыт.

"Азаматтарға вацина керек. Әрине, екпе оны қабылдағысы келген адамдарға жасалады. Алайда басқа жол жоқ, вакцинация жасау керек. Вакцина сатып алынса да немесе дұрысы өз өндірісіміз болсын, бірақ азаматтар вакцинамен қамтамасыз етілуі керек. Бұл басымды бағыт деп есептеңіздер", - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы сонымен қатар вакцинаның отандық өндірісі дұрыс жолға қойылып, қазақстандық ғалымдардың зерттеулері сәтті болады деген сенім білдірді.

"Министрлердің бірі, білім және ғылым министрі бұл вакцинаны өзіне салғанын білемін. Мен барлығы дұрыс болатынына сенемін", - деді президент.

Еске сала кетсек, кеше елдегі әуежайлар мен теміржол вокзалдарында қатаң эпидемиологиялық бақылауды қайта енгізуді, сондай-ақ мемлекеттік шекарада бақылауды күшейтуді тапсырды.

Сонымен бірге кешегі кеңес барысында Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке тапсырмаларды орындау кезінде асыра сілтеушілік болғаны үшін ескерту жасады. Мәселен, "СҚ-Фармация" және МӘМС ісін тергеу салдарынан шенеуніктер бүкіл денсаулық сақтау жүйесін цифрландыруды тоқтатып қойған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878543-baskasa-bolmajdy-tokaev-koronavirus-vakcinasy-zninde-sz-kozgady-video.html