RU

Нұр-Сұлтанда сұранысқа ие мамандықтар тізімі жарияланды

Нұр-Сұлтанда сұранысқа ие мамандықтар тізімі жарияланды
Көрнекі фото: piqsels.com

Нұр-Сұлтан қаласының билігі астананың еңбек нарығын зерттеп, құрылыс, сауда, тамақтану және денсаулық сақтау саласындағы мамандар тапшы ие екенін анықтады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

"Әсіресе, жұмысшыларға, жүк көлігі жүргізушілері мен монтажшыларға сұраныс жоғары. Атап айтқанда, құрылыс саласында прораб, шебер, тас қалаушы, арматурашы, инженер-сметашы, бетоншы, ТҚҰ инженері, әртүрлі жұмыс істеуші жұмысшылар қажет болса, сауда саласында сатушы, кассир, менеджер, супервайзер, мерчендайзер кадрлардың тапшылығы байқалады", – делінген әкімдік сайтында.

Ақпаратқа сәйкес, денсаулық сақтау саласында дәрігер, медбике, санитарлардың жетіспеушілігі байқалған, тамақтану бойынша түрлі тағамдар цехына аспаз, ас үй қызметкері, наубайшы, кондитерлердің қажеттігі жоғары.

"Бүгінгі, яғни 7 қазан күнгі жайдай бойынша, "Нұр-Сұлтан қаласы Халықты жұмыспен қамту орталығы" МКК "Электрондық еңбек биржасы" порталында сұранысқа ие 1678 бос орын жарияланды. 653 жұмыс берушіден 5 712 бос жұмыс орны тіркелген. Оның ішінде 313-і – мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған вакансия", – деп жазылған ресми мәліметте.

Сондай-ақ икемді жұмыс кестесі бар 89 жұмыс орны тіркелгені белгілі болды. Жастарға арналған бос орындар – 1315, пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарға 10 кәсіпорынға 394 бос жұмыс орны берілген.

"Электрондық еңбек биржасы" порталында жалақы көлемі 100 000 теңгеге дейін 2 085 бос жұмыс орны, жалақы көлемі 100 000 теңгеден 150 000 теңгеге дейін 2 090 жұмыс орынның бары жарияланды. Порталда жалақысы 150 000 теңгеден асатын вакансиялар саны – 1 537.

Еске салсақ, мәжілістің жалпы отырысында депутат Айқын Қоңыров депутаттық сауал жолдады. Ол дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, коронавирустың ерекшелігі, 60 жастан асқан адамдарға өлім қаупі төніп тұрғанын атап өтіп, қазақстандықтардың зейнет жасын төмендетуді ұсынды.

Алайда, экономист мамандар дәл қазір мұны жасау мүмкін емес деп есептейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878549-nr-sltanda-sranyska-ie-mamandyktar-tizimi-zarialandy.html