RU

Қасқыр алатын қазақ төбетін асылдандырып жүрген бірлестік жайлы не білеміз

Фото
Фото: Tobet.kz

Күллі ит тұқымының ішінде қасқырды төсімен соғып құлататын, дәлірек айтқанда қасқыр алатыны – қазақ төбеті екені белгілі. Ертедегі аңыз-әпсаналарда қазақ төбеті тек қасқыр ғана алумен шектелмеген. Тіпті барысқа шауып, аюмен арпалысқаны айтылады. Көшпенділердің сахарадағы аңызға толы өмірі шындыққа негізделген. Оны мойындамайтын ұлт өкілдері де төбе көрсетті. Тіпті сол қазақ төбетінің тұқымын жойып жібергісі келетіндер де бар сияқты деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Осыдан біраз уақыт бұрын әлеуметтік желіде "Ұзынағашта ит төбелестіріп, үй жануарын қорлап, өлтірді" деген ақпарат тараған еді. Жергілікті әкімдікке жан-жақтан хабарласқан журналистер мәселенің мән-жайын сұраған болатын.

Жамбыл ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Бақтияр Айталы журналистерге әкімдік тарабынан ит төбелестіруге рұқсат жоқ екенін, сондай-ақ, орын алған оқиғаны тексеріп, тиісті шара қолданылатынын жеткізген. Алайда, оқиғаны зерттей келе желіде таралған ақпараттың Ұзынағашта орын алмағаны, оның шындыққа жанаспайтыны белгілі болды.

"Нақтырақ айтсақ, Ұзынағаштағы ит төбелестіру алаңы делінген орын иттердің қан-жоса болып төбелесетін алаңы емес. Ол қазақы төбеттерді тестілеп тексеруге арналған бірлестік. Заңды түрде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде тіркелген. "Тазы Төбет Бөрібасар" деп аталатын бірлестік – Ұлттық спорт түрлері федерациясы Республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы облыстық филиалы болып есептелінеді", - дейді ол.

Сонымен қатар, "Тазы Төбет Бөрібасар" төрағасы Сәкен Танаев әлеуметтік желіге таралған ақпаратты жоққа шығарып, ол әлде бір сыртқы күштердің Төбетшілерге жасаған қастандығы, көралмаушылығы деп түсіндірді.

Заңды тіркелген бірлестіктің арнайы бекітілген ережесі бар екенін айтты:

Ереже мазмұны бойынша төбеттің жүректілігін тексеру сайысы 4 салмақ дәрежесінде өтеді екен. Олар:

1. Жеңіл салмақ – 54 келіге дейін;

2. Орташа салмақ – 54-60 гелі аралығында;

3. Ауыр салмақ – 60-66 келі аралығында;

4. Аса ауыр салмақ – 66 келіден жоғары;

"Төбеттерді тестілеп тексеру кезінде оларды арнайы ветдәрігер тексереді. Төбеттердің жүректілігін тексеруде екі төбет бетпе-бет келген сәтте "үш рет үрген" төбет жеңіліс табады.

Сондай-ақ, тісін ақситып көрсеткен жағдайда, құйрығын бұтына қысып тайсақтаса, 30 секундқа дейін қарсыласына ұмтылмаса жеңілген болып есептелінеді. Егер екі төбет сайысқанда біреуінің денесіне аздаған зақым келіп, қан көрінген жағдайда сайыс бірден тоқтатылады.

Мұнда көрсетілгендей, төбеттер бір-бірін аяусыз талап, қансыратуға ешқашан жол берілмейді. Түсінікті тілмен айтқанда бұл сайыс – төбеттерді күрестіргенмен парапар. Сайыс алаңында үш төреші болады. Бас төреші, қапталдағы екі төреші және оператор. Олар бекітілген ереже бойынша Төбеттердің жүректілігін тексеріп, жеңімпазды анықтайды. Өйткені Үй жануарларын қорлауға заңмен тиым салынған. Біз оны жақсы білеміз" -деді Сәкен Танаев.

Алматы қаласыда және облысы аумағында қазақы төбет ұстайтын азаматтар арнайы келіп, желіде желдей ескен жалған ақпаратқа өз пікірлерін айтты.

Ұзынағашта бас қосып, бұл мәселені талқыламақ болған Төбетшілердің әңгімесін Бақтияр Айталы тыңдап қайтқанын жеткізді.

"Төбетшілерміз" деп топтасқан азаматтардың арасында Ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты Әбдірахман Сейтжанов ағамыз да болыпты. Өздері туралы таралған жағымсыз ақпаратқа қынжылған Әбдірахман ағамыз былай деді:

"Ит төбелестіру заңсыз. Ал, Төбетті тестілеп тексеру, содан кейін ғана оларды іріктеп-жұптау – оның тұқымын асылдандыру ғой. Желіге таралған ит төбелесінің бізге еш қатысы жоқ. Өйткені ол жерде қазақы төбеттер емес, шетелдік Питбуль иті болған. Біз туралы жазып жүргендер неміс овчаркасы, питбультерьер, боксер, ротвейлер сияқты шетелдік иттерді асыраушылар екені белгілі. Біз өзіміздің ата-бабамыздан келе жатқан қазақ төбеттерімізді асылдандыруға барымызды салып жатқанда, бізге бұндай жала жабу барып тұрған ұятсыздық. Оларда қорқыныш пайда болса керек, өздерінің иттері қазақы төбеттің көлеңкесінде қалып кетеме деген.

Итті екі құлаш шынжырға байлау нағыз үй жануарын қорлау деп айтар едім. Ал, біз төбеттерді олай бір орынға байлап ұстамаймыз. Қазақ төбетінің күтімі өзгеше. Оны тамақтандырудың өзі өте ұқыптылықты талап етеді. Біз төбеттерге арнайы қазан көтереміз. Оларға әр түрлі витаминдер береміз. Күнделікті екі мезгіл серуендетуі бар. Жаңа туған күшіктер бір ай аналық төбетті емгеннен кейін сиырдың сүтімен, ірімшікпен, жұмыртқамен тамақтанады. Тіпті кейде өзіміздің ауызымыздан жырып, төбетке береміз. Сондай мәпелеп өсірген төбеттерді "өлгенше төбелестірді" деу ақылға сыймайды.

Ауылда да төбеттер көп, бірақ олардың көбі үнемі байлаулы тұрады. Кейде тамағы берілмей қалады. Қазақ төбетінің ежелгі тұқымын қалпына келтіру үшін оларды тестілеп тексеріп барып жұптауымыз керек. 2000 жылдары қазақ төбеттің салмағы небары 62 келіден аспайтын еді. Қазір бізде 90 келі салмақтағы төбеттер бар. Біз кешегі бодандықтағы 70 жылда қазақ төбетін жоғалтып ала жаздадық.

Тәуелсіздік алғаннан кейін жоғымызды түгендеп, ұлттық құндылықтарымызды қайта жаңғырттық. Осы дәрежеге жету үшін біз Төбеттерді көршілес елдерден алдырдық. Мысалы, Қытай, Маңғолия жеріндегі Алтай қазақтарынан, сонау Түркиядағы қазақ қандастардан төбеттер алдырдық. Оларды тестілеп тексеріп, іріктеп-жұптап осындай таза қазақ төбетін қайта қалпына келтірдік. Ол әрине үлкен еңбекпен келген жетістік.

Қазақ төбеттерінің бір қасиеті үйде жүргенде үйді қорғайды. Ал, қақпадан сыртқа шыққан соң ол ешкімді қаппайды. Кезінде малшының балалары төбетпен ойнап, тіпті үстіне мініп те алатын еді. Төбет оған мың етпейді.

Жалпы қазақтың меншігіндегі жылқысы да, төбеті де және қазақтың өзі де малдың соңынан күні бойы жүре алады. Өйткені, малды итқұстан қорғау оның қанында бар қасиет. Мен бала кезімнен білемін, мықты төбеттер жайлауда үйден 3-4 шақырым жерде үріп жүреді. Егер оның үрген дауысы үйге жақындаса, онда қасқырдың арланы келе жатқанының белгісі. Соған қарай малшы да қамдана бастайтын болған. Төбет ол біздің ата-бабамыздан қалған байлығымыз", - дейді ол.

Сонымен қатар, төбет асыраушы Қуандық Мұсаев та осыған байланысты өз ойын білдірді.

"Қазақта ежелден келе жатқан екі ит бар. Бірі Төбет, екіншісі құмай тазы. Мен өзім он шақты төбет ұстап отырмын. Қазақ төбеті ешқашан малға шаппайды, адам қаппайды. Бөтен адам келсе үріп дыбыс береді. Ал, адам мен малға шабатын иттер шатысқан иттер. Әр қазақтың үйінде бір төбет болу керек", - дейді ер адам.

Ал ветериналық дәрігер Нұрсұлтан Тұрғанбаев болса қазақ төбетін асылдандырып жүрген ағалардың қасында жүргеніме 9 жылдан асты деп отыр.

"Бұл кісілер әрбір төбеттің көңіл-күйіне де аса қатты мән береді. Егер төбеттің немесе күшіктерінің мазасы болмай тұрса маған қоңырау шалып, қандай әрекет жасау керектігін сұрайды. Жалпы иттердің арасында да неше түрлі аурулар бар. мен сол аурулардың алдын алып, немесе емдеп келемін. Ережеге сай төбеттің жүректілігін тексеру кезінде зақым алған иттерді дер кезінде емдейміз. Төбетшілер жиі кездесіп, бір-бірімен тәжірибе алмасып тұрады", - дейді ол.

Жамбыл ауданы әкімінің баспасөз хатшысының сөзінше, төбет асыраушылардың ортақ мақсаты: ұазақ төбетінің тұқымын асылдандырып, әлем жұртына төбетті таныту, сонымен қатар, "Жүректілігін тексер"» сайысын еліміздің ұлттық спорттық ойындарына ресми түрде кіргізу екен.

"Иә, шынында қазақ төбетінің жеке қасиеттеріне зер салсаңыз оның текті, қасиетті екеніне иланасыз. 1940 жылғы санақ бойынша қазақстанда 19 мыңдай төбет ит болған екен ал, қазір небары 1000-ның айналасында ғана төбет бар екен. Мен әңгімелескен төбетшілердің қатары көбейсе төбеттің тұқымы жойылуы мүмкін емес. Барымызды бағалайық ағайын! "Ертең қымыздың иесі біз едік" дегендей, "Төбет біздікі еді" деушілер шықпасына кім кепіл?", - деп сөзін аяқтады ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878555-kaskyr-alatyn-kazak-tbetin-asyldandyryp-zrgen-birlestik-zajly-ne-bilemiz.html