RU

Парижде қамауға алынған Әблязов екі тәуліктен кейін еркіндікке шықты

Мұхтар Әблязов
Фото: Sputnik Казахстан

Қазақстандық қашқын банкир Мұхтар Әблязов өзінің Парижде қалай қамауға алынғанын айтып берді. Ол екі тәулік қамауда болып, кейін бостандыққа шыққан. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ порталы Мұхтар Әблязовтің Facebook-парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

Банкирдің сөзіне сенсек, 5 қазан күні Парижде оны қамауға алған. Әблязов екі тәулік бойы қамауда болып, артынша бостандыққа шыға алыпты. Ол бұл сөздеріне дәлел ретінде суреттерін де жүктеген екен.

Банкир жазбасында ұлы және қызымен бірге түскен фотоны жариялайды. Онда балалары Мұхтар Әблязовті түрме қақпасында қарсы алып жатқаны байқалады.

Radio Free Europe басылымының мәліметіне сәйкес, Мұхтар Әблязовтың адвокаты экс-банкирге Қазақстан қозғаған қылмыстық іс бойынша 7,5 миллиард доллар жымқырды деп айып тағылғанын мәлімдеген. Бүгінде ол сот бақылауында.

Адвокат сондай-ақ, Мұхтар Әблязовке "қылмысты ауырлататын жағдайларда сенімге қиянат жасады" және "ақшаны жылыстатты" деген айып тағылғандығын айтуда. Ол соттың қадағалауымен босатылды. Оның сөзіне сенсек, Париж прокуратурасына Қазақстаннан шағым түскен.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін 2019 жылы Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов мәжіліс отырысында Бас прокуратура Мұхтар Әблязов пен Виктор Храпуновтың ісіне қатысты материалдарды шетелдік құқық қорғау органдарына жіберетінін айтқан болатын.

Әблязов БТА Банкіндегі ұрлық ісі бойынша 9 қылмыс жасады деп айыпталған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878556-parizde-kamauga-alyngan-blazov-eki-tulikten-kejin-erkindikke-sykty.html