RU

"Жоғалып кеткен" қырғыз президенті Жээнбеков қайда жүр

Қырғызстан президенті
Фото: © РИА Новости / Михаил Климентьев

Жақында БАҚ беттерінде көршілес мемлекет басшысы жоғалып кеткені туралы ақпарат тараған еді. Көп ұзамай Сооронбай Жээнбековтің қайда екені белгілі болды деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Президенттің баспасөз хатшысы Толгонай Стамалиева РИА Новости ақпараттық агенттігіне Қырғызстан басшысы Бішкекте екенін және елдегі жағдайды құқықтық арнаға қайтару үшін барлық саяси күшпен келіссөздер жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

"Президент Бішкекте. Саяси күштермен келіссөз жүргізіп жатыр. Барлық күш жағдайды құқықтық арнаға қайтаруға бағытталып отыр",- деді Стамалиева.

Естеріңізге сала кетейік, 4 қазанда Қырғызстанда парламент сайлауы өтіп, оған көңілі толмаған тұрғындар 5 қазанда наразылық шеруіне шыққан. Оған он мыңдаған адам қатысқан.

Наразы жұрт Ақ үйді басып алып, сонымен қатар қамауда отырған елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты бостандыққа шығарып алды.

Бастапқыда шерушілердің полициямен қақтығысынан 120-дан аса адам зардап шеккені хабарланды.

Кейінірек наразылық акциясынан зардап шеккендердің саны өскені, бір адамның қайтыс болғанын хабарланды.

Айта кетсек, қырғызстандық сарапшылар Сооронбай Жээнбеков өз еркімен отставкаға кетуі керек деп есептейді. Олай болмаған жағдайда Жогаргу Кенеш мүшелерінің кем дегенде 80 дауысымен легитимді президентке импичмент жариялануы мүмкін.

Ал кейін Қырғызстан депуттары президентке импичмент жариялау туралы бастама көтергені хабарланды. Алайда олар толықтай дауыс жинай алмаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878574-zogalyp-ketken-kyrgyz-prezidenti-zeenbekovti-kajda-ekeni-anyktaldy.html