RU

Ұлттық банк доллардың неліктен қайта қымбаттағанын түсіндіріп берді

Көрнекі фото
Көрнекі фото: NUR.KZ

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова қыркүйектегі валюта нарығындағы жағдай туралы сөз қозғады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Қыркүйекте нарықтар өте құбылмалы болды. Коронавирустың екінші рет қайталануы Еуропаның бірқатар елдерінде және Ұлыбританияда байқалып отыр, бұл бірінші кезекте былайша айтқанда "сентиментке" немесе әлемдік нарықтардағы ахуалға әсер етеді.

Бірқатар әлемдік орталық банктердің негізгі мөлшерлемелер бойынша шешімдері, геосаяси тәуекелдердің өсуі, сондай-ақ АҚШ-та алдағы уақытта болатын президент сайлауы ерекше назарда болды.

Австралияның, Канаданың, Евуроаймақтың, Англияның, АҚШ-тың, Ресей мен Қытайдың орталық банктері негізгі мөлшерлемелерді бұрынғы деңгейде сақтады, бұл талдаушылардың күтулеріне сәйкес келді. ФРЖ инфляция біраз уақыт бойы 2%-дан асқанға дейін мөлшерлемені 0,00–0,25% деңгейінде ұстап тұруға ниетті", - деді ол.

Коронавирус жағдайына байланысты алаңдаушылық инвесторларды АҚШ-тың қазынашылық облигациялары сияқты қауіпсіз активтерге көшуге итермелейді. Америка валютасының дамыған нарықтардың негізгі валюталарына қатысты серпінін көрсететін доллар индексі екі айлық шарықтау шегіне жетіп, қыркүйектің соңына қарай 1,9%-ға нығайды.

Дамыған нарықтармен қатар дамушы елдердің валюталары бір айда төмендеуді көрсетті: түрік лирасының құлдырауы 5,2%, Ресей рублінің төмендеуі 4,9%-ды құрады, бұл ішінара нақты себептерге байланысты болды, ал Мексика, Бразилия және Индонезия валюталары 2,2% – 2,7%-ға төмендеді.

Короновирустың екінші рет қайталануына байланысты қауіптену, АҚШ-тағы президенттік сайлауға дейін тәуекелге барудың төмендеуі және қаржы нарықтарын қолдау үшін қосымша өтімділікті енгізуге қатысты ФРЖ тарапынан нақты сигналдың болмауы аясында S&P500 және MSCI World қор индекстері қыркүйекте сәйкесінше 3,9-ға және 3,6%-ға төмендеді.

Молдабекованың сөзінше, қыркүйекте Brent сұрыпты мұнайдың бағасы 10%-ға төмендеп, маусымдағы деңгейіне қайта оралды. Сұраныстың ықтимал шектеулері мен ұсыныстың артуы туралы жаңалықтар мұнай бағасына қосымша қысым көрсетті. Ливия тау-кен кәсіпорындары Ливия ұлттық армиясының мұнай кен орындары мен порттарды сегіз айлық қоршауынан кейін мұнай өндіруді қайта бастағанын мәлімдеді. Үндістанда мұнайға сұраныс төмендеді.

Сонымен қатар ол Ұлттық Банктің нарықтардағы құбылмалылық және мұнай нарығындағы бағалардың төмендеуі жағдайындағы іс-қимылдары туралы сөз етті.

Теріс сыртқы факторлардың жиынтығы валюта нарығындағы сұраныстың артуына алып келді, қыркүйекте биржадағы сауда-саттық көлемі $2,6 млрд-қа жетті – бұл нарықтардың құлдырауы болған наурызды қоспағанда, жыл басынан бергі ең жоғарғы мән.

Мұнай нарығы жағынан сияқты дамушы елдер валюталарының серпіні жағынан да сыртқы факторлар күрт нашарлаған соңғы үш айда артық құбылмалылықты реттеу мақсатында Ұлттық Банк ағымдағы жылғы наурыздан бастап алғашқы рет $232 млн көлемінде валюталық интервенция жүргізді. Сату биржа нарығында алтынвалюта активтерінен жүзеге асырылды және жалпы үрдіс қалыптасуына әсер етпеді.

Тұтастай, бір ай бойы шетел валютасына сұраныс артуына қарамастан, кепілді трансфертті қамтамасыз ету шеңберінде Ұлттық қордан шамамен $551 млн теңге мөлшерінде сатулар, сондай-ақ қыркүйекте $300 млн болған квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатулары теңгеге қолдау көрсетті.

"Бір айда жалпы алғанда Қазақстан валютасы 420,11-ден 431,82-ге дейінгі деңгейден 2,8%-ға әлсіреді", - деді Молдабекова.

Ұлтық банк төрағасының орынбасары алтын бағасының төмендеуінің алтын-валюта резервтерінің жай-күйіне әсері қандай болғанын атап өтті.

"Өткен айда алтын бағасы 73$-ға немесе 3,7%-ға төмендеді, бұл алтынвалюта резервтері көлемінің төмендеуіне сөзсіз әсер етті. Қыркүйекте резервтер $35,4-тен $33,8-ге дейін қысқарды", - деді ол.

Молдабекованың сөзінше, алтын портфелі шамамен $800 млн-ға азайған. Резервтер төмендеуінің аса маңызды емес басқа факторлары: ЕДБ-ның Ұлттық Банктегі шоттарында ұстайтын қаражатының $450 млн-ға азаюы, $232 млн-ға интервенция жүргізу, сондай-ақ $100 млн сыртқы борыш төлеу болды. Алтын алтынвалюта резервтерінің 2/3 ғана астам болуда. Соған қарамастан, ағымдағы нарықтық жағдайларда, портфельде алтынның жоғары үлесі өзін ақтайды және резервтердің сақталуын қамтамасыз етеді деп есептейміз.

Одан бөлек, ведомство өкілі Ұлттық қордың серпіні және оның активтерінің мөлшеріне ықпал ету факторларын атап өтті.

Алдын ала деректер бойынша, Ұлттық қордың валюталық активтері айдың қорытындысы бойынша $1,4 млрд-қа төмендеп, қыркүйектің соңында $57,3 млрд болды.

Қыркүйекте 230 млрд теңге сомада бюджетке кепілді трансферттерді бөлу бойынша міндеттемелерді орындау үшін Ұлттық қордың валюталық активтерін шамамен $551 млн сомада сату Ұлттық қоры мөлшерінің төмендеу себебінің бірі болды.

Мұнайдың салыстырмалы түрде төмен бағасының сақталуы себебінен қорға валюталық түсім $43 млн ғана болды.

"Сіздерге мәлім болғандай, ағымдағы жылғы екінші тоқсанда басталған әлем нарықтарындағы қалпына келу бірінші тоқсанның теріс серпінін реттеді. Экономикалық белсенділіктің қалпына келуі және короновирустан жақын арада вакцина пайда болуы жөніндегі позитивтік күтулер аясында жетекші әлемдік индекстер пандемия басталғанға дейінгі мәндерге қайта оралды. Нәтижесінде, тамыздың соңындағы жағдай бойынша жылдың басынан бері Ұлттық қордың инвестициялық кірісі шамамен 2,3 млрд АҚШ доллары, ал оның кірістілігі 4,2%-ға жуық болды", - деді ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Алайда, COVID-19 екінші рет қайталануы жөнінде қауіптену қыркүйекте нарықты тағы да төмендетті, MSCI дамыған елдерінің ауқымды акциялар нарығының индексі 3,6%-ға түсті. АҚШ долларының нығаюына байланысты ауқымды мемлекеттік облигациялар портфелінің кірістілігі теріс кірістілікті ( –) 0,68% көрсетті.

Нәтижесінде, Ұлттық қордың инвестициялық кірісі қыркүйекте теріс болды және (-)$850 млн құрады. Қордың жалпы инвестициялық кірісі жыл басынан бастап оң болып қала береді және шамамен $1,5 млрд құрайды.

Одан бөлек, Молдабекова теңгенің долларға қатысты әлсіреуі және рубльдің нығаю себептеріне тоқталды.

"Валюта бағамдарының қалыптасуына сыртқы және ішкі факторлар әсер етеді. Бұл ретте, кейбір сыртқы факторлар әлемдік валюталардың бүкіл сыныбы үшін жүйелі болуы мүмкін. Мысалы, соңғы уақытта тәуекел дәрежесінің төмендеуі дамушы нарықтардан қорғаныс активтерінің пайдасына капиталдың әкетілуіне және тиісінше көптеген Emerging markets ұлттық валюталарының әлсіреуіне алып келді. Олардың арасында "көшбасшылар" да, атап айтқанда Ресей рублі болды", - деді ведомство өкілі.

Инвесторлар қызығушылығының жаһандық төмендеуімен қатар рубльге жекелеген ерекше факторлар да әсер етті. Олардың ішінде, Беларусия мен Қарабақ қақтығысы аймағындағы ахуал аясында геосаяси тәуекелдердің күшейгенін, сондай-ақ санкциялық риториканың шиеленіскенін атап көрсетуге болады.

Жағымсыз факторлардан басқа, рубльді қолдайтын факторлар да болды. Үкіметтің валюталық директивасына сәйкес компанияларға мемлекеттің қатысуымен таза валюталық активтер мөлшерін шектеу тапсырылды, бұл қосымша валюта ұсынысын тудырады. Оған қоса, РФОБ Сбербанк акцияларының пакетін сатудан түскен валюта қалдықтарын сатуға қайта оралды.

Жалпы рубль жыл басынан бері долларға қатысты 26,5%-ға әлсіреді, бұл ретте тек қыркүйекте ғана 4,9%-ға әлсіреді. Осы кезеңдерде теңге тиісінше 12,3%-ға және 2,8%-ға әлсіреді.

Теңге мен рубльдің әртүрлі әлсіреу қарқыны тепе-теңдікке әсер етті. Егер жылдың басында рубльді 6,2 теңгеге сатып алуға болатын болса, соңғы уақытта бір рубльдің құны 5,5–5,6 теңгені құрайды.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары екі ел нарықтарының өзара байланыстылығына байланысты кейінге қалдырылған әсері бар теңгенің рубльге қатысты әлсіреу ықтималдығы туралы жеткізді.

Ресей Қазақстанның ең ірі сауда әріптесі болып табылатын фактіні ескере отырып, теңге бағамының қалыптасуына рубльдің айтарлықтай әсер ететіні белгілі. Бірақ тек рубльге ғана қысым жасайтын Ресейге ғана тән санкциялық факторлар теңгеге әсер етпейді. Сондықтан теңге бағамының серпіні рубль серпініне ілесе алмайды.

Теңге бағамы ең алдымен іргелі сыртқы және ішкі факторлар негізінде қалыптасатын болады, олардың негізгісі мұнай бағасы болып табылады.

Сонымен қатар, қаржы министрлігінің рубль облигацияларын шығаруы, экономикадағы рубль тапшылығы және оның ішкі валюта нарығына әсерін атап өтті.

Қыркүйекте қаржы министрлігінің облигацияларын Ресей нарығында сәтті орналастыру болды. Рубльмен қарыз алу ФҚО деңгейінде тартымды мөлшерлеме бойынша төмен қосымша сыйлықақымен өтті.

Ресейден келетін импорт көлемі экспорттан едәуір асып түседі, бұл импорттаушылар тарапынан рубльге тұрақты сұранысты тудырады және ішкі валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың теңгерімсіздік себептерінің бірі болып табылады, бұл екінші деңгейдегі банктерді транзиттік валюта ретінде АҚШ долларын пайдалана отырып есеп айырысуды жүзеге асыруға мәжбүр етеді.

Қаржымині рубль облигацияларын шығарудан тартқан рубльді биржада екінші деңгейдегі банктерге сатуды жоспарлап отырмыз. Көлемінің аздығына қарамастан, бұл теңгерімді ішінара теңестіруге және осы фактордың ұлттық валютаға қысымын төмендетуге мүмкіндік береді.

Сөз соңында Молдабекова әлемдік қаржы нарықтарына әсер ету факторлары және олардың теңгеге әсері туралы тілге тиек етті.

"Әлемдік нарықтардағы ахуалды дамыту жөніндегі экономикалық перспективалар тым белгісіз болып қалуда. АҚШ сайлауы қарсаңында АҚШ конгресінде экономиканы қолдау үшін фискалдық шаралардың кезекті топтамасын мақұлдау бойынша консенсустың жоқтығы байқалады. Президент Д. Трамп бұл мәселені қарауды кейінге қалдырды деген жаңалықтан кейін көпшілік нарықтарда айтарлықтай құлдырауды күтті", - деді ол.

Ұлттық Банк теңге үшін негізгі іргелі фактор – мұнай нарығындағы ахуалды да мұқият қадағалап отырады. Азия аймағындағы сатып алушылар үшін Arab Light негізгі сұрыпына қараша айында Сауд Арабиясының ресми бағалардың көтерілуі энергетикалық нарық үшін жағымды жаңалық болды. Азия Сауд Арабиясы үшін негізгі нарық болып табылады, сондықтан бағаның өсуі сұраныстың жақсарғанын көрсетуі мүмкін, өйткені Saudi Aramco қыркүйек пен қазан айларында сұраныстың тоқырауы жағдайында сату бағасын төмендетті.

Алайда, мұнай бағасының негізгі тәуекелдері әлемдік сұраныстың күтілгеннен баяу қалпына келуі, пандемиялық жағдайдың нашарлауы, ОПЕК+ елдері кейбір мүшелерінің өндіріс квоталары бойынша шектеулерді сақтамауы және Ливияда мұнай өндірісін ішінара қалпына келтіру болып қала береді.

Дамушы елдер, әсіресе мұнай экспорттаушы елдер мен Қазақстанның сауда әріптестері валюталарының серпіні де теңге бағамына әсер ететін болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878593-lttyk-bank-dollardy-nelikten-kajta-kymbattaganyn-tsindirip-berdi.html