RU

Нұр-Сұлтанда бір пәтерде 259 адам тұрақты тіркеуде болған

Нұр-Сұлтан қаласы
Фото: Sputnik / Владислав Воднев

Елордада жыл басынан бері көші-қон заңнамасын бұзған 600-ге жуық пәтер анықталды. Полиция тіркеу орнында іс жүзінде тұрмайтын 24 мыңға жуық азаматты, оның ішінде әкімшілік ғимараттарда тіркелгендерді тіркеуден шығарды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қалалық полиция департаменті көші-қон заңнамасын бұзған тұрғын үй иелеріне айыппұл салынғанын мәлімдеді.

"Осылайша, көші-қон қызметі К.Әзірбаев көшесіндегі пәтерде 2016 жылдан бастап тұрақты тіркеуде тұрған 259 адам болған пәтерді анықтады. Сол пәтерде 289 адам уақытша тіркелген. Сонымен қатар, тек үстіміздегі жылдың тамыз айында иесі 154 азаматты пәтеріне тұрақты тіркеуге қойған. Меншік иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 493-бабы – тұрғын үй иесіне олармен бірге тұрмайтын жеке тұлғаларды тіркеу бойынша әкімшілік хаттама жасалды. Төрт адамнан тұратын отбасы мүшелерін қоспағанда, бұрын пәтерге тіркелгендердің барлығы тіркеуден шығарылды", – делінген ПД хабарламасында.

Нұр-Сұлтан қаласының көші-қон қызметі заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында тұрғындарды тұрғылықты жері бойынша уақытында тіркеуге тұруға шақырады.

"Мекенжай туралы ақпарат сәйкес келмеген жағдайда, оларды жаңарту үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы көші-қон қызметінің аумақтық бөлімшелеріне хабарласыңыз. Біз сондай-ақ тұрғын үй иелерінен олармен бірге тұрмайтындарды тез арада тіркеуден шығаруды сұраймыз", – дейді мамандар.

Жыл басынан бері елордада 151 мыңнан астам адам, оның 30 мыңға жуығы уақытша, 121 мыңнан астамы тұрақты тіркеуге тұрған.

Статистика көрсеткендей, соңғы екі жылда орта есеппен Нұр-Сұлтанға халықтың ең көп легі Ақмола, Түркістан, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарынан келеді.

Айта кетейік, бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласының билігі астананың еңбек нарығын зерттеп, құрылыс, сауда, тамақтану және денсаулық сақтау саласындағы мамандар тапшы екенін анықтаған болатын.

Сондай-ақ елордадағы Шабал Бейсекова көшесіндегі учаскеде көлік қозғалысы төрт күнге тоқтатылатыны белгілі болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878608-nr-sltanda-bir-pterde-259-adam-trakty-tirkeude-bolgan.html