RU

Оқушылар екінші тоқсанда қалай оқиды: Алматы білім басқармасы жауап берді

оқу
Көрнекі фото: Sputnik / Тимур Батыршин

Алматы білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жұманов қалада эпидемиологиялық жағдай жақсарса, ең алдымен 1-4 сынып оқушылары дәстүрлі форматқа көшетінін мәлім етті деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы Sputnik Қазақстан агенттігіне сілтеме жасап.

Жұманов "Оқушылар екінші тоқсанда қалай оқиды?" деген сұраққа жауап берді.

Оның сөзінше, халықтың сырқаттану деңгейі тұрақты түрде төмендеген кезде оқытудың дәстүрлі форматына кезең-кезеңімен көшу мәселесі қаралады екен.

  • Ең бірінші кезеңде барлық санитарлық қауіпсіздік шарасын сақтай отырып, қалыпты режимге 1-4 сынып оқушылары көшеді, дейді қалалық білім басқармасының орынбасары.
  • Екінші кезеңде 5-11 сынып оқушылары өтпек.

Жұманов бұл оңтүстік астананың тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментімен бірлесе шешілетінін атап өтті.

"Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау департаменті жүргізген талдау нәтижесі бойынша қалада сегіз оқушы коронавирус инфекциясын жұқтырған. Олар қашықтан оқыды. Ал мектепте кезекші сыныптарда оқитындар арасында инфекция жұқтырғандар жоқ", - деді ведомство өкілі.

Сонымен қатар Жұманов қазір қалада оқушылардың 96 пайызы қашықтан оқып жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, жаңа оқу жылында қашықтан оқуды ұйымдастыру үшін жергілікті бюджеттен 42 мың дана және үкіметтің резервтік қорынан 38,5 мың дана компьютер техникасы сатып алынған.

Еске сала кетейік, бұған дейін білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов брифинг барысында қашықтан оқыту туралы сөз қозғап, дәстүрлі форматқа ауысудың мерзімі туралы айтқан болатын.

Сондай-ақ аталған брифинг барысында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой оқушыларды қашықтықтан оқыта беруді жалғастыруды ұсынған еді.

Оның айтуынша, 15 қыркүйек пен 15 қазан аралығында жүргізілетін вакцинация халықтың әлсіз тобын, әсіресе жиі ауыратын балаларды ЖРВИ мен тұмаудың өршуінен қорғап қалады.

Министр қазіргі аурудың төмендеу қарқынын ұстап тұру маңызды екенін жеткізіп, мектептегі бірінші тоқсанда қашықтан оқыту форматын сақтауға кеңес берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878622-okusylar-ekinsi-toksanda-kalaj-okidy-almaty-bilim-baskarmasy-zauap-berdi.html