RU

Қанат Исламның АҚШ-та өтетін жекпе-жегі кейінге шегерілді

Қанат Ислам боксшы
Фото: instagram.com/islamkanatqazaq

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам 16 қазан күні АҚШ-та рингке шығады деп күтілген. Алайда бұл жекпе-жек кейінге шегерілді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Sports.kz ақпарынша, WBO International чемпионының профилінен келесі жұма күнгі жекпе-жек туралы белгі алынып тасталған.

Сондай-ақ басылымның жазуынша, шетелдік сарапшылар Қанат Исламды Камил Шереметамен жекпе-жек өткізуге ең лайықты үміткер деп пайымдаған. Айта кетейік, поляк боксшысы IBF белбеуі үшін Геннадий Головкинмен жұдырықтасуы тиіс.

Vesti.kz басылымының мәліметінше, Қанат Исламның жекпе-жегі оның қарсыласы Хесус Гурроланың құжаттарының дұрыс болмауына байланысты шегерілген. Белгілі болғандай, ол виза рәсімдей алмаған.

Дереккөздің мәліметіне сәйкес, қазақстандық боксшы қазіргі таңда АҚШ-та жүр.

Еске сала кетсек, Қанат Ислам өзінің соңғы жекпе-жегін былтырғы қазан айында өткізген болатын. Алматының Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайында өткен жекпе-жекте Қанат Ислам (26-0, 21 КО) Намибиядан келген Вальтер Каутондокваны (18-1, 17 КО) жеңді.

Үш төреші де жеңісті қазақстандық боксшыға берді. Қанат үшін бұл кәсіби мансабындағы 27-жеңісі еді. Ал Вальтер Каутондоква мансабында екінші рет жеңіліске ұшырады.

Айта кетейік, аталған жекпе-жектің алдында Қанат Исламның менеджері батыл мәлімдеме жасап, "Канеломен" кездесу өткізуді көздейтіндерін жеткізген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878650-kanat-islamny-aks-ta-tetin-zekpe-zegi-kejinge-segerildi.html