RU

Мәсімов қырғыз әріптесімен көршілес елдегі жағдайды талқылады

Кәрім Мәсімов 11
Кәрім Мәсімов. Фото: astana.gov.kz

Бүгін, 8 қазанда Қазақстан ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов Қырғызстан МҰҚК төрағасының міндетін атқарушы Өмірбек Суваналиевпен телефон арқылы сөйлесті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми сайтына сілтеме жасап.

"8 қазанда ҚР ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары – Қырғыз Республикасы Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының міндетін атқарушы Өмірбек Суваналиевпен телефон арқылы сөйлесті. Қырғызстанда қалыптасқан жағдай талқыланды. Жағдайдың тез қалпына келетініне сенім білдірді", – делінген хабарламада.

Әңгімелесу барысында қолданыстағы уағдаластықтар аясында екі ведомствоның ынтымақтастығын жалғастырудың маңыздылығы атап өтілді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Қырғыз Республикасындағы қазақстандық кәсіпорындардың жағдайына қатысты мәлімдеме жариялаған болатын.

Еліміздің сыртқы саяси ведомствосы қырғыз тарапын Қазақстан азаматтарының да, Қырғызстан аумағындағы қазақстандық компаниялардың да қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша дереу шаралар қабылдауға шақырды.

Естеріңізге сала кетсек, 4 қазанда Қырғызстанда парламент сайлауы өтіп, оған көңілі толмаған тұрғындар 5 қазанда наразылық шеруіне шыққан. Оған он мыңдаған адамның қатысқаны мәлім болды.

Наразы жұрт Ақ үйді басып алып, сонымен қатар қамауда отырған елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты бостандыққа шығарып алды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878659-msimov-kyrgyz-riptesimen-krsiles-eldegi-zagdajdy-talkylady.html