RU

Үйленгендеріне небәрі төрт күн болған жас жұбайлар ұшақ апатынан көз жұмды

Жас жұбайлар
Көрнекі фото: pixabay.com

АҚШ-тың Колорадо штатында үйленгендеріне төрт күн болған жас жұбайлар әуе апатынан қайтыс болды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Мұндай ақпаратты Сан-Мигель аймағының шерифі Twitter парақшасында жариялады.

30 жастағы Костас Джон Сивиллис пен 33 жастағы Линдси Вогеляр үйленген соң Теллерайд қаласында бал айларын өткізген. Жас жұбайлар саяхаттан үйлеріне қайтып бара жатқан сәтте апатқа ұшыраған.

Полицияның ақпаратынша, ерлі-зайыптылар ұшқан жеңіл моторлы ұшақ көкке көтерілген соң шамамен 10-15 минуттан кейін жерге құлаған.

Қаза болғандардың әуе саласында жұмыс істегені хабарланды. Сивиллис United Airlines компаниясында ұшқыш және ұшу инструкторы болып еңбек еткен.

АҚШ-тың Көліктегі қауіпсіздік бойынша ұлттық кеңесі қайғылы жағдайдың мән-жайын анықтауға кірісіп кеткен.

Еске сала кетсек, бұға дейін Дағыстанда COVID-19 жұқтырған 93 жастағы ер адам мен 83 жастағы әйелі ауруды жеңгенін хабарлаған едік.

Аурухана ішінен шыға алмайтындарын түсінген 93 жастағы Әли мен 83 жастағы Хадидат екеуі екі палатада жатса да, бар уақыттарын бірге өткізуге шешім қабылдапты.

Қос ғашықтың хикаясына куәгер болған ақ халаттылар қариялардың тез арада сауығып кетуі үшін бар күш-жігерін салған.

Айта кетсек, әлемдегі ең қарт ерлі-зайыптылар 79 жыл жұптары жазылмауының құпиясымен бөліскен еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878758-jlengenderine-nebri-trt-kn-bolgan-zas-zbajlar-sak-apatynan-kz-zmdy.html