RU

Давид Лория "Астана" футбол клубының жаңа атқарушы директоры болды

Лория
Фото: kazfootball.kz

Елордалық "Астана" футбол клубына жаңа атқарушы директор тағайындалды. Ол - футболдан Қазақстан құрамасының рекордсмендерінің бірі, 38 жастағы Давид Лория деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ "Астана" футбол клубының ресми сайтына сілтеме жасап.

Давид Лория өзінің спорттық мансабында "Шахтер", "Ордабасы", "Локомотив", "Есіл" және "Жеңіс" сияқты қазақстандық клубтарда өнер көрсеткен.

2009 жылы астаналық ұжым сапында командамен күміс медальды жеңіп алған.

Ол сондай-ақ түріктің "Ризеспор", "Каршияка", швециялық "Халмстад" және ресейлік "Спартак Нальчик" клубтарының намысын қорғаған.

Бұрынғы қақпашының еншісінде үш чемпиондық титул бар. Лория Қазақстан жастар құрамасы сапында Нигерияда өткен Әлем чемпионатына қатысып, ұлттық құрама сапында 45 ойын өткізген.

Давид Лория 2019 жылы футболшы ретінде мансабын аяқтап, кейін құрама командалардың бұрынғы ойыншылары үшін құрылған UEFA MIP футбол менеджменті бағдарламасы бойынша курстардан өткен.

Айта кетейік, "Астана" футбол клубының бұрынғы атқарушы директоры Пол Эшуорттың қызметінен кеткені туралы ақпарат 8 қазанда белгілі болды. Ағылшын маманы сонымен қатар, клубтың уақытша бас бапкері қызметін атқарған еді.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін тамызда "Астана" футбол клубының бас бапкері Михал Билек өз қызметінен кеткенін хабарлаған болатынбыз. Клуб басшылығы Билекпен келісімшартты бұзғанын мәлім еткен.

Сонымен қатар алматылық "Қайрат" өз алаңында астаналық клубты 3:0 есебімен жеңгенін жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878777-devid-loria-astana-fk-zaa-atkarusy-direktory-boldy.html