RU

"Бұл - жабайылық": Зардап шеккен медбике Бішкектегі наразылықтар жайлы айтты

Медбике
Көрнекі фото: Sputnik Қырғызстан

Бішкектегі жедел жәрдем фельдшері Гүлзарида Кубатбекова - 6 қазанда өткен наразылықтардан зардап шеккендердің бірі. Басына тас тиген медицина қызметкері сол күні қалада не болғанын егжей-тегжейлі айтып берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Бойжеткеннің сөзінше, ол сол күні жұмысқа кешкі сағат алты шамасында келген. Көп ұзамай Жедел медицина орталығын шерушілер басып алған, ал мекеме жұмысы тоқтап қалған.

"Көліктер станция аумағында кіре де, шыға да алмады. Адамдар бір-біріне тас лақтырып, бәрін сындырғысы келді. Бізде үрей және қорқыныш сезімі болды. Медицина қызметкерлеріне неге шабуыл жасайды? Бізді осы уақыт аралығында әскери қызметкерлер күзетіп тұрды. Шамамен бір сағатта митингіге шыққандар кетті", - дейді фельдшер Sputnik Қырғызстан агенттігіне.

Шақыртуларға баруға қайта мүмкіндік туған соң Кубатбекова бригадасы наразылықтан зардап шеккен әскери қызметкерге көмекке аттанған.

"Біз шақыртуға дабыл белгісін қосып бардық, мен дәкені зардап шеккен азаматқа алдын ала дайындап қойғым келді. Бізге қауіпті екенін ескерткенімен, мен артқы орынға отырдым.

Дәкені ала бастағанда соққы алдым. Бомба жарылғандай болды. Ештеңе көрмедім, естімедім. Әріптесім мені кушеткаға жатқызды. Бірақ, жүргізушісі бізге бір топ адам жүгіріп келе жатқанын айтты. Біз шұғыл түрде станцияға баруға мәжбүр болдық", - дейді бойжеткен.

Зардап шеккен Гүлзаридаға алғашқы көмек көрсетіліп, кейін Бішкек Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу орталығына жіберілген.

"Қатты қорқынышты және ауыр болды. Маған мидың жабық жарақаты, контузия, көгеру және мидан қан кетуі диагнозы қойылды. Мен адамдардың дәрігерлерге қалай шабуыл жасай алатынын түсінбедім және әлі де түсінбеймін. Бұл - дәрігерге шабуыл жасаған жалғыз жағдай емес. Мен үшін бұл жабайылық. Біреу жедел жәрдем көліктерінде қару тасымалдап жатыр деген қауесет шығарды... Бұл абсурд!", - дейді медицина қызметкері.

Бойжеткен басқа жедел жәрдем көлігіне де шабуыл жасалғанын айтты.

"Көлікті тоқтатып, ішінен медицина қызметкерлерін шығарып жіберді. Салоннан бірнәрсе іздей бастады. Құралдарды лақтырып, кейбір дәрі-дәрмектерді алып кетті. Бригаданы үш сағат таба алмай, бәрі уайымдады. Әріптестерім тығылып отырды, тіпті, формамызды шешуге тура келді", - дейді Кубатбекова.

Айта кетейік, елдегі жаппай наразылықтардан кейін Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков үкімет пен премьер-министр Кубатбек Бороновты отставкаға жіберу туралы жарлыққа қол қойды.

Сонымен қатар, Жээнбеков қандай жағдайда президенттіктен кетуге дайын екенін айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878810-bl---zabajylyk-zardap-sekken-medbike-biskektegi-narazylyktar-zajly-ajtty.html