RU

Тоқаев пен үш мемлекеттің басшысы Қырғызстандағы ахуалға байланысты ортақ мәлімдеме жасады

Митинг
Митинг. Фото: Sputnik Қырғызстан

Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан республикасының президенттері Қырғызстандағы ахуалға байланысты бірлескен мәлімдеме жасады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

"Бауырлас Қырғыз Республикасында болып жатқан оқиғалар бізді қатты алаңдатып отыр.

Біз ғасырлар бойы ажырамас достық, тату көршілік байланыстары мығым, мәдени және рухани құндылықтары ортақ жақын көрші елдер ретінде Қырғызстан халқын осы қиын күндерде парасаттылық танытуға, елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қайта қалпына келтіруге шақырамыз.

Қырғызстанның барлық саяси партиялары мен қоғамдық ұйымдары бейбітшілік пен тыныштықты қамтамасыз ету үшін қажетті күш-жігерін біріктіріп, туындаған мәселелерді Конституция мен ұлттық заңнаманы сақтай отырып шешеді деп үміттенеміз.

Қырғызстандағы тыныштық – өңірлік қауіпсіздік пен Орталық Азиядағы орнықты дамудың маңызды факторы.

Елдеріміздің өткен жолы бір және болашағы да ортақ. Орталық Азия халықтарын келешек ұрпақтың игілігі жолындағы берік бейбітшілікке, келісім мен жасампаздыққа ұмтылысы біріктіреді.

Мемлекеттеріміз ортақ мақсатқа біріге отырып, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-коммуникациялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды, шекаралық және өңіраралық іс-қимылдарды күшейту жөніндегі аймақтық ынтымақтастықты белсенді нығайтуда.

Орталық Азиядағы ынтымақтастықты одан әрі жандандыру мақсатында біз Қырғызстан халқының бірлікке, бейбітшілікке, дербес дамуға және өркендеуге деген ұмтылысын үнемі қолдаймыз", - делінген ел басшыларының ортақ мәлімдемесінде.

Естеріңізге сала кетейік, 4 қазанда Қырғызстанда парламент сайлауы өтіп, оған көңілі толмаған тұрғындар 5 қазанда наразылық шеруіне шыққан. Оған он мыңдаған адам қатысқан.

Салдарынан наразы жұрт Ақ үйді басып алып, жарақат алғандардың саны мыңнан асып кетті.

Ал қамауда отырған бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевтың жақтастары оны түрмеден босатып алды.

Кейінірек, легитимді президент Сооронбай Жээнбеков мәлімдеме жасап, қандай жағдайда президенттіктен кетуге дайын екенін айтты.

Дегенмен оның баспасөз хатшысы болса өз кезегінде Жээнбековтың отставкаға кетуге ниеті жоқ екенін жеткізді.

Ал бүгін Сооронбай Жээнбеков Қырғызстан үкіметі мен премьер-министрін отставкаға жіберді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878818-tokaev-tzikstan-trikmenstan-zne-zbekstan-prezidentteri-kyrgyzstandagy-ahualga-bajlanysty-ortak-mlimdeme-zarialady.html