RU

Алмазбек Атамбаев өзіне қастандық жасалатынын бір күн бұрын білгенін айтты (видео)

Алмазбек Атамбаев
Алмазбек Атамбаев. Фото: Pavel Lisitsyn / Host Photo Agency/Ria Novosti via Getty Images

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев өз өміріне жасалған қастандықтың болатынын бір күн бұрын білгенін айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Бұрынғы мемлекет басшысының видеоүндеуі оның кеңесшісі Құндыз Жолдыбаеваның Facebook парақшасында жарияланған.

Бейнежазбада Атамбаев өзіне қастандық жасаларын алдын ала білгенін айтқан.

Одан бөлек ол өзіне қастық қылған адамдарға МҰҚК кейбір жетекшілері, бірқатар қырғыз саясаткерлерінің қолшоқпарлары көмектескенін атап өткен.

Алмазбек Атамбаев барлығы бір топ екенінін айтып, қастандықтан кейін ешкімнің жазаланбайтынын еске салды.

Сондай-ақ, ол егер Атамбаевты өлтірсе, оның барлық жақтастары "шашырап кететініне" сенімді саяси қарсыластары өзін өлтіруге "тапсырыс" берді деп есептейді. Саясаткер халықтың жағында қалуға ниетті екенін жеткізді.

Еске сала кетсек, бүгін Бішкекте елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың қатысуымен митинг өтті. Ол акция барысында өзіне билік керек емес екенін айтты.

Кейінірек, митинг кезінде адамдардың бірі көлікке оқ атқаны бейнеленген видео желіде тарап кетті. 24.kg ақпараттық агенттігінің жазуынша, бұл Алмазбек Атамбаевтың көлігі болған.

Бішкектегі қақтығыстардан кейін ел президенті халыққа видеоүндеу жолдап, Қырғызстанның қауіп алдында тұрғанын айтты. Сондай-ақ ол елін аман сақтап қалу үшін барын салатынын жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878878-almazbek-atambaev-zine-kastandyk-zasalatynyn-bir-kn-bryn-bilgenin-ajtty-video.html