RU

Атырауда COVID-19 жұқтырған дәрігерлер өтемақы түгіл тоқсандық сыйақыларын ала алмай жүр

Дәрігер58
Көрнекі фото: pixabay.com

Коронавируспен күресіп жүрген атыраулық дәрігерлер, заңды өтемақысын әлі ала алмай жүр. Жауаптылардың уәдесін күтіп шаршаған ақ халаттылар, енді ақпарат құралдарынан көмек сұрап отыр деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Астана арнасына сілтеме жасап.

COVID-19 және пневмониямен күресте алдыңғы шепте тұрған дәрігерлердің бірі - Мария Қонарова. Атырауда ол коронавирус жұқтырған алғашқы дәрігерлердің бірі.

Инфекцияны Мария науқастардың бірінен жұқтырғанына сенімді. Үкіметтің өтемақысын ала алмай жүргеніне 4 айдан асыпты.

"Маған ковидтің оң нәтижесі және пневмония диагнозы қойылды. Қалада карантин болғанда біздің емхана үздіксіз жұмыс істеді. Кейбір әріптесіміз ауырса да, емделіп жүріп, жұмыс істей берді. Өтемақыға екі рет құжат тапсырдық. Екеуінде де бас тартты. Себебін де айтқан жоқ. Бұл әділетсіздік қой", - дейді №1 Атырау қалалық емхана тіркеушісі Мария Қонарова.

Пневмония анықталған аурухана рентгенологы Азамат Әділбекұлы дене қызуы 39 болып тұрса да, екі күн қатарынан келушілерге қызмет көрсеткенін айтады.

"Менің екінші рентгенологым ауырып қалуына байланысты, маған больничный берген жоқ. 39 температурамен екі күн қатарынан қызметімізді атқара бердік. Томография нәтижесі бойынша пневмония болсақ та, осы қызметімізді атқара бердік", - дейді №1 Атырау қалалық емхананың дәрігер-рентгенологы Азамат Әділбекұлы.

Тағы бір ауру жұқтырған емхана медбикесі Балжан Төлегенова компьютерлік томографияның нәтижесі бар екенін, анализ алғанда оң нәтиже көрсеткенін жеткізді.

"Енді не керек боп тұр. Әлде өліп қалуымыз керек боп тұр ма. Өздері блокпостқа қойып тұр науқастардың жүретін жеріне", - дейді Балжан Төлегенова.

№1 емханаға ресми 65 мың адам бекітілген екен. Қалың жұртқа не бәрі 300 дәрігер қызмет етеді. Ақ халаттылары әсіресе карантин кезінде қатты қиналыпты. Күні-түні емханада жүрген. 100-ге тарта дәрігер COVID-пен ауырып шығыпты. Бірақ оның бәрі өтемақы алмайтын көрінеді.

Өйткені, облыстық басқарма арнайы комиссия құрып түгелін тексеріп шықпақ.

"27 материалдың 9-на оң нәтиже беріп, рұқсат берілді, төленеді деген. Бүгінгі таңда 5 адамның материалдарын қарап жатырмыз. Өйткені соңғы отырыста бірлескен бұйрыққа өзгерістер енгізілді. Жалпы көп кездесетін "отказдар" бұл бұйрық жоқ фильтрда істеген", - дейді Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асхан Байдубалиев.

Сонымен қатар медицина қызметкерлері тоқсандық сыйақыларынан да қағылғаны белгілі болған. Себебі емхананың есеп-шотындағы 70 млн теңге ұшты-күйлі жоғалып кеткен көрінеді.

"Мекеменің шотынан 70 млн теңге ақша жоқ боп кетті. Прокуратура, фин.полға арыз жазылды. Бүгінгі таңда органдардың сөзінше, алаяқ табылды. Бұл электронды түрдегі ұры боп шықты. Қомақты қаражатты алаяқтың қалай қағып кеткені анықталып жатыр. Қылмыстық іс қозғалып, сот алды тергеу амалдары жүріп жатыр", - дейді Асхан Байдубалиев.

Б. Надирқызы

Айта кетейік, мемлекет басшысы медицина қызметкерлерінің үстемақы және сақтандыру төлемдерін алуда әлі күнге дейін бюрократиялық кедергілер бар екенін айтқан еді.

Президенттің сөзінше, дәрігерлер өздеріне тиесілі ақшаны сұрап алмауы тиіс.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирустың екінші толқынына емханалары мен ауруханаларының дайындығы нашар облыстарды да атаған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878900-atyrauda-covid-19-zktyrgan-drigerler-temaky-tgil-toksandyk-syjakylaryn-ala-almaj-zr.html